русский язык
Басқа

Елордада алғаш рет боччадан Қазақстан кубогы басталды

Астанада боччадан ел кубогы басталды. Сайыста еліміздің 10 өңірінен келген 11-14 жас аралығындағы 64 жасөспірім бақ сынап жатыр Олардың қатарында дебютанттар да бар, деп хабарлайды Kazinform.

Сенат төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев аталған паралимпиадалық спорт түрінен алғаш рет өткізіліп жатқан Қазақстан кубогы жолындағы жарыстың ашылу рәсіміне қатысты.

Жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеген Мәулен Әшімбаев қазіргі таңда бочча ел азаматтарына қолжетімді спорт түріне айналып келе жатқанын атап өтті.

Спортшылардың да кәсіби деңгейі артып келеді.

боччаФото: Әділет Бірімқұлов/Kazinform

Бұған Қазақстан бочча федерациясының ресми түрде Халықаралық бочча федерациясының мүшесі болып тіркелуі және ел чемпионатының өткізілуі айқын дәлел.

Сондай-ақ Қазақстан құрамасының Азия паралимпиада ойындарына қатысып, жалпыкомандалық есепте сегізінші орын алғанын да атап өткен жөн.

Палата спикері бұл жетістіктер спортшылардың ерік-жігерінің және елімізде жүргізіліп жатқан инклюзивті саясаттың нәтижесі екенін айтты.

Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды қолдау және оларға қолайлы жағдай жасау бағытында ауқымды жұмыс атқарылуда.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев барлық салада инклюзивтілік қағидатын іске асыруға баса мән беріп келеді. Осы орайда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес инклюзивті спорт түрлерін дамыту үшін тиісті жағдай жасалуда. Бұл ретте бочча сияқты спорт түрлеріне де үлкен қолдау көрсетіліп отыр. Бүгінде Астанада және ірі қалаларда ғана емес, еліміздің өзге де өңірлерінде боччаға деген қызығушылық артып келе жатыр. Сондықтан алдағы уақытта облыстарда жаңа федерациялар ашылады деп сенеміз. Осындай нақты қадамдар боччашыларымызды Паралимпиада ойындарының жеңіс тұғырына жетелейтіні анық», — деді Мәулен Әшімбаев.

Федерация президентінің айтуынша, қазіргі таңда Павлодар, Қарағанды, Маңғыстау, Атырау, Қостанай, Абай және Жетісу облыстарында боччадан өңірлік федерациялар ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

боччаФото: Әділет Бірімқұлов/Kazinform

Боччадан Қазақстан кубогы жолындағы жарысты Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен Қазақстан бочча федерациясы ұйымдастырды.

Сондай-ақ сайысқа Астана қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасы, «Самұрық-Қазына» АҚ және «Sport Qory» туризм және спорт индустриясын қолдау қоры қолдау көрсетті.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;