русский язык
Бокс

«Келісімшартты үздім»: Садриддин Ахмедов басқа промоутерлерден ұсыныс қабылдайтынын айтты

«Келісімшартты үздім»: Садриддин Ахмедов басқа промоутерлерден ұсыныс қабылдайтынын айтты

Бірінші орта салмақтағы қазақстандық боксшы Садриддин Ахмедов (13-0, 11 КО) кәсіпқой бокстағы жаңалықтарымен бөлісті, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі Nur.kz сайтына сілтеме жасап.

Садриддин Ахмедов Камиль Эстефанның Eye of the Tiger промоутерлік компаниясымен келісімшартты ресми түрде үзгенін мәлімдеді. Ол канадалық компаниямен кәсіпқой боксқа ауысқан кезден бері жұмыс істеген еді.

«Канада еліндегі промоутерлік компаниямен келісімшартымызды ресми түрде үздік, тоқтаттық. Осы орайда, келісімшартты бұзуға, мансабымыздың жақсы жаққа өрбуіне орасан үлес қосып жатқан Бахараддин ағамызға алғысымыз шексіз. Кәсіпқой бокста негізімізді қалауға үлес қосқан Eye of Tiger-ге және оның басшысы Камиль Эстафанға да рақмет айтамыз», – деп жазды Ахметов.

Қазақстандық боксшы екі жақты келісіммен жолы екі айырылса да, Камиль Эстафенмен адамгершілік-сыйластығы бұзылмағанын айтты.

«Алаштың абыройын енді АҚШ-та асқақтатамыз. Қазақтың күрзі жұдырығын күллі әлемге мойындату үшін Лос-Анджелес қаласында жаттығумызды да бастап кеттік. Қазір де АҚШ-та біраз промоутерлерден ұсыныс түсіп жатыр. Бірақ ол ұсыныстарды әлі қабылдамадық. Мақсат-мүддеміз бір жерден шығатын, ақша мен атақ-даңқтан арды алға қоятын, бізді чемпиондыққа тез жетелейтін ең мықты промоутерлермен жұмыс істеуді көздейміз. Кез келген мықты промоутермен келісімшартқа отыруға және кез келген мықты боксшымен жұдырықтасуға дайынбыз. Арман-мақсатымызға жету үшін, еліміздің мерейін үстем етіп, абыройын арттыру үшін барымызды саламыз. SOQ-тың соққылары мен нағыз бокстың қандай болатынын көрсететін кез келді», – деді спортшы.

Садриддин Ахмедов кәсіпқой рингтегі соңғы жекпе-жегін былтыр 24 желтоқсанда Алматыда өткізді. Боксшы алғашқы раундта оңтүістікафрикалық Нкулулеко Мхлонгоны (23-11-1, 18 КО) жеңді.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;