Майк Тайсон қазақстандық боксшының жекпе-жегін тамашалайды
![Майк Тайсон қазақстандық боксшының жекпе-жегін тамашалайды](https://prosports.kz/upload/news/content//202311/201131_cb2f9ed8239db82c97dca0e9ca711c16.jpg?v=28671696)
Әйгілі боксшы Майк Тайсон Өзбекстан елінің астанасы Ташкентке келді. Ол көршілес елде өтіп жатқан WBC конвенциясы жабылу кешінің құрметті қонағы болады. Сондай-ақ бокс кешіне қатысады.
Ташкент төріндегі бокс бәсекесінде отандасымыз Мейірім Нұрсұлтанов шаршы алаңға көтеріледі. Ол чилилік боксшы Хулио Аламоспен жұдырықтасады. Олардың кездесуі WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жекке жолдама болмақ. Ал бұл салмақта WBC чемпионы атағы Джермалл Чарло еншісінде. Америкалық боксшы 2 жылдан бері жекпе-жек өткізген жоқ. 25 қараша күні отандасы Хосе Бенавидеспен (кішісі) қолғап түйістіреді.
Мейірім Нұрсұлтанов пен Хулио Аламос арасындағы жекпе-жек 12 раундқа жоспарланған. Бокс кеші 17 қараша күні кеште өтеді.