Магомед Адиев: Маңызды үш ұпайдың тағдыры шешілетін ойын
![Магомед Адиев: Маңызды үш ұпайдың тағдыры шешілетін ойын](https://prosports.kz/upload/news/content//202310/201131_18c38bb9ff64abbaa40d1b1a9b30a159.jpg?v=28703547)
– Магомед Мұсаұлы, Даниядан жеңілгеннен кейін команданың функционалдық және эмоционалдық жағдайы қалай?
– Әрине, жеңіліс біздің намысымызға тиді. Біз Даниядағы ойынымыз үшін құрметке лайық едік. Жігіттердің уайымы бар екенін байқаймын, алайда өткен ойынды ұмытып, финдерге қарсы дайындалу керек екенін айттық. Ешқандай мәселе болмауы керек.
– Ертеңгі ойынға қорғаныс жоспарын дайындап жатырсыз ба, әлде Финляндияны таңғалдыруға тырысасыз ба?
– Толықтай қорғаныста отыра бермейміз. Маңызды үш ұпайдың тағдыры шешілетін ойын. Команданың құрамында өзгерістер болады, бұл жоспарланған ротация. Күшімізді тең бөлуге тырысамыз.
– Финляндиямен өтетін ойынға Александр Зуев алаңға шығуы мүмкін бе?
– Зуев өзін жақсы сезінеді, бірақ Алматыда біраз жайсыздықтар болған-ды. Даниямен ойын алдында оның шығуы туралы ойлаған жоқпын. Бірақ бүгінде оны алаңға шығару туралы ойлар бар. Барлығын жаттығудан кейін шешеміз.
– Бағдат Қайыровтың Даниямен матчтағы ойынын қалай бағалайсыз?
– Ол жақсы ойын көрсетті. Қорғаныста жақсы ойнады, оның құнды қасиеті – өз айып алаңының алдында жақсы ойнауы. Бірақ ол өзінің тікелей міндеттерімен қатар шабуылға да көмектесті. Нәтижелі пас беріп, гол соға да жазады.
– Ян Вороговский Астанаға көшкеннен кейін сынға ұшырап, оның Бельгияда ойнаған кезеңімен салыстырғанда нашар ойнай жүргені айтылып жүр. Сіз мұнымен келісесіз бе?
– Ян шынымен де бабын аздап жоғалтып алды, бірақ неге бұлай болды? Ол «Астанамен» оқу-жаттығу жиынына қатыспады, оның командасы Бельгияда демалыста болды. Жаңа клубына дайындықсыз келген. Сондықтан оның функционалдық жағдайында мәселелер болды. Қазір оның дайындығы әлдеқайда жақсарды.