русский язык

Ұлттық құраманы жазғыруға құқымыз бар ма?

Ұлттық құраманы жазғыруға құқымыз бар ма?
news-banner7
mobile-news-top

Астана уақытымен қазанның 14-інен 15-іне қараған түні футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Данияның бас қаласы Копенгагенде жергілікті бас құрамамен кездесті. Еуропа чемпионатына іріктеуде біздің топтың бас фавориті Магомед Адиев бапкерлік ететін командадан басым түсті. Қаһарлы қарсыласпен текетіресте ұлттық құрамада қандай кемшілік кетті, Финляндиямен матчтан не күтеміз және Германиядағы доп додасына топ арқылы шығатын мүмкіндігіміз қанша деген сұрақтарға Prosports.kz журналисі Фараби Әбдіхалық жауап іздеп көрді.

2023 жылдың 26-шы наурызы қазақ футбол тарихында ұмытылмас күн. Дәл сол күні лық толған «Астана Арена» стадионында Қазақстан құрамасы Данияның жүзін жерге қаратқан еді. 0:2 ұтылып жатып, 16 минутта матчты «төңкеріп тастаған» біздің жігіттер сенсация жасады. Тіпті, футбол әлеміндегі білікті кей мамандар 3:2 есебімен Қазақстан пайдасында аяқталған нәтижені жыл сенсациясына жатқызып жүр. Ал, Асхаттың Тағыбергеннің сол матчтағы соққан голы іріктеудің ең үздігі деген атаққа әбден лайық. АПЛ чемпионы тақты Каспер Шмейхел Копенгагендегі матч алдында Асхатты алғашқы минуттардан алаңға шығармағы үшін Адиевке алғыс айтқаны анық.

Дания Қазақстандағы матчтан кейін төрт ойын өткізіп, он ұпай жинады. Екі жыл бұрын өткен соңғы Еуропа чемпионатында үздік төрт команданың қатарынан орын алған даттар іріктеуде бүгінге дейін Қазақстаннан ғана жеңілді. Сондықтан Каспер Юльманн жігіттері есе қайтаруға жүз пайыз жігерленіп шықты.

Адиев те қарсыластан именетін ниеті жоқ екенін аңғартты. Тағыбергенді, сол қапталдың серкесі Ян Вороговскийді, ортада ойқастайтын Исламбек Қуатты қосалқы құрамда қалдырса да, үш шабуылдаушы футболшыны шығарып, қорғаныста жата-жастана «жату» үшін келмегенін көрсетті. Абат Айымбетов, Максим Самородов, Рамазан Оразов қорғанысы «Барселона», «Милан» секілді мықтылардың жасақталған қарсыласты еркінсітпеді. Дания қаншалықты қарқынды футбол көрсетсе де, Қазақстан саспады. Игорь Шацкий қақпа жанынан допты ойынға қосар сәтте алға теппей, жанындағы әріптесіне пас беріп жүрді. Жалпы, әр шабуылды Адиев шәкірттері соққымен аяқтауға тырысты. Қазақстанның осыншалықты батыл ойынын көрген Дания футболшылары алғашқы жарты сағатта Игорь Щацкийдің айып алаңына бір рет қана доппен кірді.

Сауатты, сапалы қорғанып жүрген қазақстандықтар 36 минутта стандарттан гол жіберіп алды. Қарбалас сәтте Бағдат Қайыров қақпаға соққы бағыттаған Йонас Виннге тосқауыл бола алмады. Матчтағы алғашқы дәл соққысымен-ақ Дания есеп ашып кетті. Бірінші таймның аяқталуына санаулы секундтар қалған кездегі эпизод тіпті өзекті өртеді. Тайлы-тұяғымен прессингке ұмтылған Қазақстанның жартылай қорғанысы мен қорғанысын «Манчестер Юнайтед» жұлдызы Кристиан Эриксен бір паспен қапы қалдырды. Сол клубтың тағы бір футболшысы Расмус Хейлунн түсініксіз шешім қабылдаған Марат Быстровты оңай айналып өтіп, Роберт Сковқа пас берді. Бундеслигада доп тебетін 27 жастағы футболшы ұрымтал сәтте мүлт кетпеді. Үзіліске командалар 2:0 есебімен кетті.

Адиев екінші таймға Тимур Досмағамбетов пен Абат Айымбетовтың орнына Асхат Тағыберген мен Ян Вороговскийді шығарды. Дегенмен, 48-минутта алаң қожайындары матч тағдырын шешіп тастады. Қазақстан қорғанысының осал тұсын тауып алған Эриксен Сковты қақпашымен бетпе-бет шығарды. Быстров тағы да шарасыз күй кешті. «Хоффенхайм» футболшысы Шацкийден айла асырып, таблодағы көрсеткішті 3:0 қылды.

Дания көздеген мақсатына қол жеткізгенін түсінген соң арқаны кеңге салды. Тағыбергеннің ортада еркін көсілуіне мүмкіндік туды. Капитан құраманың матчтағы жалғыз голына өз үлесін қосты. 58-минутта оң қапталдан шабуылға қосылған Қайыровқа әуелете пас асырды. Қазақстан құрамасы сапында матч үздіктерінің бірі болған Бағдат айып алаңда Вороговскийді пасымен дәл тапты. Ян ашық қалған бұрышты дәл көздеді. Он минуттан кейін осы екі футболшы тағы бір гол ұйымдастыруға мүмкіндік алды. Енді Ян алыстан пас асырды, ал тоғыздықтың позициясынан табыла кеткен Бағдат Шмейхельдің иелігіне баспен соққы бағыттаған. Сол эпизодта қалайша қақпаға допты енгізе алмағанын Қайыров өзі де түсіне алмай қалған шығар. Есеп 3:2 болғанда соңғы минуттарда жеті ай бұрынғы Астанада өткен матчтағы секілді Дания футболшыларының дізесі дірілдемесіне кім кепіл еді? Дегенмен, ғажайыптың да қайта айналып келе бермейтіні тағы бар...

Сонымен, кеше Словения Финляндияны ұтып жіберді. Дания Қазақстаннан үш ұпай алды. Дания мен Словения 16 ұпайдан жинады. Бірінші және екінші орынды бөлісіп тұр. 12 ұпайдан еншілеген Финляндия мен Қазақстан 3-4 орындарға жайғасқан.

17 қазан күні Қазақстан құрамасы Финляндияға қонаққа барады. Үш ұпайдың ауадай қажет екені түсінікті. Словенияда ірі есеппен ұтылып қалған финдар өз жанкүйерлері алдында оң нәтиже тіркегісі келеді. Қазақстан Еуропа чемпионатына жолдама алу үшін қалған үш турда Словения не Дания екі матчта ұпай жоғалтуы керек. Словендер бір турдан кейін Данияға қонаққа барады, соңғы турда Қазақстан құрамасын қабылдайды. Осы жерде ғана біз үшін аз да болса үміт отының шоғы көрінеді. Ал, оны үрлеп жандыра аламыз ба, әлде өшіп қала ма – бұл сұрақтың жауабы уақыт еншісінде.

Іріктеу қандай нәтижемен аяқталса да қазіргі Қазақстан құрамасын сынауға себеп аз. Шама-шарқы келгенше нәтиже көрсетті. Адиев жігіттердің мықты һәм осал тұстарын жете түсіндіре алды. Соның арқасында қай матчта болмасын алаңда нағыз команданы көре алдық. Кейбір сәтте шеберліктің жетпей жатқаны болмаса, ілініп-салынып, қолды бір сілтеп жүрген бір футболшыны байқамаймыз. Біз аңсаған Ұлттық құрама осындай болса керек-ті.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;