русский язык
Әлем футболы

Кейн 100 млн еуроға «Баварияға» ауысты

Кейн 100 млн еуроға «Баварияға» ауысты

Англия құрамасының капитаны және тарихтағы ең табысты ағылшын футболшыларының бірі Гарри Кейн Германияның «Бавария» клубымен келісімшартқа отырды. Мәміле құны - 100 млн еуро, деп хабарлайды ҚазАқпарат BBC жаңалықтарына сілтеме жасап.

30 жастағы Кейн алдағы сенбіде неміс суперклубы «РБ Лейпцигке» қарсы ойнаған кезде алаңға шыға алады.

Ағылшын шабуылшысы «Тоттенхэм» сапында 435 ойын өткізіп, 280 гол соққан. Ол - команда тарихындағы ең өнімді ойыншы.

Кейн - осы клубтың футбол академиясының түлегі, 2004 жылы сонда жаттыға бастаған. Ал 2011 жылы алғаш рет ересектер командасы құрамында алаңға шықты.

«Тоттенхэм Хотспур» клубы сапында үш рет Ағылшын Премьер-Лигасының «Алтын бутсын» жеңіп алды. Таяуда ғана 58 халықаралық голмен Англия тарихындағы ең көп гол соққан шабуылшы атанды.

Алайда Кейн бір де бір негізгі халықаралық турнирде жеңімпаз болмаған. Не өз клубының құрамында, не Англия құрамасы атынан қатысқанда да чемпион атана алмады.

2020 жылғы футболдан әлем чемпионатында Кейн бастаған Англия құрамасы жартылай финалда Франциядан, 2021 жылы Еуропа чемпионатының финалында Италиядан ұтылды.

«Баварияға» қосылғаныма өте қуаныштымын. Бавария - әлемдегі ең мықты клубтардың бірі. Бұған дейін спорт жолымда мықтылармен бәсекеге түсіп, жоғары деңгейде өнер көрсеткім келетінін үнемі айтып жүретінмін. Клубта жеңімпаздар психологиясы көрініп тұр, өзіңді жайлы сезінесің», - дейді Кейн.

«Бавария» құрамында Кейн тоғызыншы нөмірлі жейде киеді. Оның келісімшартының мерзімі - 2027 жылға дейін.

Өткен маусымда Бавария 33-рет (және қатарынан 11-ші) Бундеслига чемпионы атанды. Клуб алты рет Чемпиондар лигасын жеңіп алса, 20 рет Германия кубогын иеленген.

Түпнұсқасы: inform.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;