«Қайрат» шабуылшысы «Оқжетпеске» қарсы матч туралы ойын айтты
![«Қайрат» шабуылшысы «Оқжетпеске» қарсы матч туралы ойын айтты](https://prosports.kz/upload/news/content//202307/201736_a84e6582b7839dbd89a9e0ceffe31c85.jpg?v=28702952)
«Қайрат» шабуылшысы Байжан Мәделхан Премьер-лиганың 15-туры аясындағы «Оқжетпеске» қарсы матч (1:0) туралы ойын айтты, деп жазады Prosports.kz сайты алматылық клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
– Байжан, жеңіс құтты болсын! Ойын туралы пікіріңді айтсаң.
– Көп рақмет! Жеңгенімізге қуаныштымын, бірақ одан да ірі есеппен жеңуге болатын еді. Шабуылда мүмкіндігіміз көп болды, өкінішке қарай, оларды қолдана алмадық.
– Бапкерлер штабы алаңға шықпас бұрын саған не деді?
– Алаңға шығып, бар күшіңді салып, командаластарыңа көмектес деді.
– Бұл матч сен үшін маңызды болды ма? Сен Көкшетауда дүниеге келдің ғой.
– Мен үшін «Оқжетпеске» қарсы ойнау маңызды болды, өйткені мен Көкшетау тумасымын. Балалық шағым да сол қалада өтті. Бірақ бірінші кезекте, мен – «Қайрат» түлегімін. Жеңгенімізге өте қуаныштымын.
– Негізгі команда сапындағы бірінші ойыныңда қандай әсер алдың? Дебюттік ойыныңды қалай бағалайсың?
– Тек жақсы әсер алдым. Мен бұған өте ұзақ жол жүрдім. Ақырында дебют жасағаныма өте қуаныштымын. Ойынымды бағалайтын мен емес, бапкерлер бағаласын. Жалпы, алаңға шығып, жеңіске жеткенімізге қуаныштымын.
– Сен шабуыл шепінде ойнайсың. Саған қай позицияда ойнаған ыңғайлы?
– Бапкер қай жерде ойна дейді, сонда ойнаған ыңғайлы. Еш айырмашылығы жоқ. Қай жерде пайдам тиеді, сонда ойнаймын.