русский язык

SD Family клубының жеке жаттығу базасы ашылды

SD Family клубының жеке жаттығу базасы ашылды

27 сәуірде Астанада SD Family клубының оқу-жаттығу базасы Baqytbek Arena-ның ресми ашылуы өтті, деп хабарлайды Prosports.kz.

Елорда ауданындарының біріндегі жеке секторда футболшылар, жаттықтырушылар, БАҚ өкілдері, сондай-ақ Дидар Сыдықбектің достары мен туыстары SD Family футбол клубы мен оның иесін жаттығу базасының ашылуымен құттықтауға жиналды.

Baqytbek Arena – Дидар Сыдықбектің әкесінің атымен аталған екі киім ауыстыратын бөлмесі, саунасы және трибунасы бар жабық футбол алаңынан тұратын шағын кешен. Алаң жабық болғандықтан онда жыл бойы жаттығу өткізуге болады, бұл елорданың суық қысына орай жасалып отыр.

Дидардың айтуынша, кешен коммерциялық мақсатта пайдаланылмай, клуб қажеттілігін өтеуге жұмсалады. Baqytbek Arena алаңында SD Family кәсіпқой және медиа командасы және клубтың балалар академиясы жаттығу жиынын өткізеді.

Іс-шараға Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті Рохус Шох, SD Family ресми серіктесі – Jusan банктің өкілі Кәкімжанов Ахат Мұхаметханұлы, журналист және спорт комментаторы Дидар Қадыров, SD Family бас бапкері әрі Қазақстан құрамасының бұрынғы ойыншысы Егор Азовский қатысты.

Базаның ресми ашылу салтананы қызыл лента қиюдан басталды. Одан кейін қонақтарға кешенді таныстырып, қысқаша экскурсия ұсынылды, одан кейін барлық қатысушы күмбез астына өтіп, сол жерде іс-шараның салтанатты бөлігі басталды.

Алғаш болып сөз алған Дидар Сыдықбектің анасы кешенге есімі берілген жары Бақытбек туралы және мақсатына жету үшін бәрін жасап жүрген ұлы жайлы жылы лебіз білдірді.

Рохус Шох мұндай кешендердің ашылуы Қазақстан футболының дамуына оң әсерін тигізетінін атап өтті.

Ахат Кәкімжанов Jusan академияның және SD Family медиа командасының ресми серіктесі екенін атап өтті. Jusan жасөспірімдер футболын дамытуды өзінің басым бағыттарының бірі санайды әрі SD Family командасының түрлі жобаларын жүзеге асыруға қуана атсалысады. Дидар мен клубты базаның ашылуымен құттықтаған Ахат Мұхаметханұлы бұл арена таланттар ордасына айналып, болашақ әлемдік футбол жұлдыздарын тәрбиелейтініне сенім білдірді.

Шара соңында Дидар Сыдықбек Prosports.kz тілшісіне қысқаша пікірін айтты.

«Осындай кешен ашылуға көптен бері ынталы едік. Бізге инвестиция, бос жер табу қиын болды, бірақ соңында табысқа жеттік, клубымыздың жеке футбол үйі болғанына өте қуаныштымын. Серіктестерімізге, соның ішінде жастар футболын белсенді қолдайтын Jusan банкке үлкен алғыс білдіргім келеді. Бірақ клубтың инфрақұрылымын салу жұмысымыз аяқтаған жоқ. Алдағы айларда толыққанды футбол алаңының құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Ол SD Family Arena деп аталады, онда өз алаңымыздағы ойындарды өткіземіз. SD Family – біздің бренд және біздің клуб. Біз сенімді түрде алға жылжып келе жатқанымызға өте қуаныштымыз.

Қыста осында, жазда екінші стадионда боламыз, соның арқасында ешкімге тәуелді емес толықтай жеке клуб боламыз. Baqytbek Arena қабырғасында балалар, кәсіпқой және медиа командалар жаттығады. Мұнда бөтен адамдар болмайды, бұл алаң сауда үшін жалға берілмейді. Бұл енді біздің үй. Бізге ақша керек емес, тек қолайлы жағдай керек», - деді Сыдықбек.

Фото: SD Family

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;