русский язык
Теннис

Польшаға қарсы матчта Юлия Путинцева Қазақстанды алға шығарды

Польшаға қарсы матчта Юлия Путинцева Қазақстанды алға шығарды

Билли Джин Кинг кубогінің (командалық әлем чемпионаты) іріктеу кезеңі аясында Ұлттық теннис орталығында Қазақстан – Польша матчы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кортқа алғашқы болып Қазақстаннан әлемнің 45-ракеткасы Юлия Путинцева мен Польша құрамасынан дүниежүзілік рейтингте 19-орында тұрған Магда Линетт шықты.

Осыған дейін қарсыластар өзара жеті рет кездесіп, соның бесеуінде Магда жеңіске жеткен.

Әлемнің 1-ракеткасы Ига Швентек Астанаға келе алмағандықтан, М.Линеттің өз командасының көшбасшысы саналуы заңды еді.

Бірінші партияда поляк спортшысы 4:0 есебімен алға кетті. Тек содан кейін ғана Юлия есепті қысқартты – 2:4. Магда есеп 5:2 болып, сетке доп бергенде, өз мүмкіндігін пайдалана алмады. Бұдан соң қазақстандық теннисші күш алды – 7:5.

photo

Қатарынан жеті геймді өз есебіне жазған Ю.Путинцева екінші сетті де сәтті бастады – 2:0. Содан соң тағы бір брейк жасап, 4:1-ге жеткізгенімен, Линетт сол бойда қайта қысқартты. Дегенмен Ю.Путинцева бәсекені тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:3.

Бір сағат 46 минутқа созылған кездесу барысында Ю.Путинцева 8 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды.

Осылайша, Қазақстан 1:0 есебімен алға шықты.

Бүгін сондай-ақ Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина мен рейтингте 253-сатыдағы Вероника Фальковска шеберлік байқасады.

Қалған бәсекелер ертең жалғасады. Үш жеңіске қол жеткізген команда әлем чемпионатына жолдама алады.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;