русский язык
Футбол

«Қайрат» - «Абердин» 2:1. Үшінші кезеңнің тағдыры Шотландияда шешіледі

«Қайрат» - «Абердин» 2:1. Үшінші кезеңнің тағдыры Шотландияда шешіледі

Еуропа лигасында еліміздің намысын қорғап жатқан алматылық «Қайрат» үшінші електік кезеңінде шотландиялық «Абердинді» қабылдады, деп хабарлайды «PROСПОРТ».

Ә дегеннен алматылықтар алға ұмтылып, жылдам гол салуға тырысты. 7-минутта-ақ «Абердин» ойыншылары өз қақпасына жақын тұста Джордже Деспотовичке  қарсы ойын тәртібі бұзылып, словакиялық шабуылшының өзі нүктеге келді. Бірақ оның соққысы тосқауылға тиіп, кері серпілді. Бұған жауап ретінде Дэвид Гудвилли алыстан соққы бағыттап көрді – Плотников орнында.

Владимир Вайсс шәкірттері голды көп күттірген жоқ. Жақында ғана жарақатынан айыққан Михаил Бакаев алаңға оралуын голмен атап өтті. 13-минутта Исаэлден тамаша пас алған ол қос қорғаушының тасасынан өтіп, Дэниэль Уорд қақпасының алыс бұрышын дәл көздеді. Араға он минут салып, Бауыржан Исламхан тамаша голдың авторы атанды. Қақпадан 30 метрге жуық қашықтықтан допты «тоғыздықты» жіберді. Мұндай жойқын соққыны күтпеді ме, жоқ бәрібір құтқара алмайтынын білді ме, әйтеуір Уорд орнынан қозғалған жоқ – 2:0.

Қос голдан кейін ойын біршама саябырсып қалды. «Абердин» ойыншылары есеп айырмасын қысқартуға тырысса, алматылықтар қорғаныста сақ ойнап, қарымта шабуылдан бақ іздеді. 41-минутта Исаэл өзі бастаған шабуылды голға айналдыруға жақын қалған. Бірнеше қорғаушының арасынан сытылып өткен ол жақын бұрышты көздеді – Уорд бұл жолы орнынан табылды.

Үзілістен кейін ойынның қарқыны сәл бәсеңдеп қалды. 60-минутта Исаэл айып алаңында қос қорғаушыны алдап өтіп, қақпашымен бірге-бір шыққан. «Қайраттың» 10-нөміріне ешкім кедергі келтірмеп еді, бірақ жартылай қорғаушының соққысын Уорд алып шықты. Араға үш минут салып, Исаэл Деспотовичке тамаша пас қалдырды, алматылықтардың шабуылшысы ұрымтал тұстан қақпаны дәл көздей алмады.

69-минутта ойынға тыңнан қосылған Кенни Маклин айып алаңында қараусыз қалып, өзінде бар мүмкіндікті жібермей, алматылықтарды жазалап кетті – 1:2.  

2:1 есебі «Абердин» ойыншыларын қанағаттандырса керек, шотландиялықтар соңғы минуттарды қорғаныста өткізді. Сондықтан алаң иелері  алдыңғы шепте қауіпті ештеңе ойлап таба алмады. Тек 90-минутта стандартты шабуылдан кейін доп Станислав Лунинге жетті, жартылай қорғаушы көп ойланбай, бірден қақпаны нысанаға алды. Қазақстандықтардың өкінішіне қарай, доп маңдайшаға тиді. Көп ұзамай төрешінің ақтық ысқырығы естілді, қорытынды есеп – 2:1. Төртінші електік кезеңіне берілер жолдаманы кім алатыны бір аптадан соң Шотландиядада «Питтодри» стадионында шешілмек.

«Қайрат» - «Абердин» (Абердин, Шотландия) 2:1 (2:0)

Голдар: 1:0 – Бакаев 13, 2:0 – Исламхан 22, 2:1 – Маклин 69

«Қайрат»: Плотников, Бруно Соарес, Гурман (Сержиньо 79), Маркович, Қуантаев, Бакаев, Исламхан, Исаэл, Тимощук, Лунин, Деспотович (Қонысбаев 68);

«Абердин»: Уорд, Логан, Шинни, Консидайн, Тейлор, Куинн (Робсон 85), Хейз, Поулетт (Руни 46), Джек, Макгинн, Гудвилли (Маклин 64);

 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;