русский язык
ММА

Алмабаев UFC-ге ауысты. Қазақстандық файтер туралы не белгілі?

Алмабаев UFC-ге ауысты. Қазақстандық файтер туралы не белгілі?

29 жастағы қазақстандық файтер Асу «Зульфикар» Алмабаев (17-2) Ultimate Fighting Championship ұйымымен келісімшарт жасасты, деп жазады Prosports.kz

Асу Алмабаев 1994 жылы Жамбыл облысы, Жаңаталап ауылында дүниеге келген, жастайынан қазақ күресімен айналысқан. Бесінші сыныпта отбасы Алматыға көшіп, Асу каратэ, бокс, қоян-қолтық ұрыс және джиу-джитсумен айналыса бастайды. Джиу-джитсудан Қазақстан чемпионы атанды.

Сұхбаттарының бірінде қазақстандық файтер 2018 жылға дейін Алматыдағы базарда жұмыс істеп, отбасына көмектесумен қатар, өмірлік тәжірибе жинағанын айтты.

Ол кәсіпқой мансабын 2013 жылы жазда бастады, бірақ содан кейін мансабында үш жыл үзділіс болды. 2016 жылы «Зульфикар» Alash Pride FC, Tech-Krep FC және Fight Nights Global промоушенында үш мәрте мерзімінен бұрын жеңіске жетті.

2017 жылы Fight Nights Global 58 турнирінде ол қазіргі UFC файтері ресейлік Тагир Уланбековтен жеңіліп, мансабындағы алғашқы жеңіліске ұшырады. Осы сәтсіздіктен екі айдан кейін Алмабаев Alash Pride FC турнирінде октагонға оралып, күтпеген жерден әзербайжандық файтер Мехман Мамедовтан жеңіліп қалды.

Содан кейін «Зульфикар» жеңіліп көрген жоқ, рекорды 17-2-ге жетті. Одан кейінгі он үш кездесуінде қазақстандық файтер ACB, Alash Pride, Fight Nights Global, Naiza, M-1 және Brave CF ұйымдарында жеңіске жетті.

Naiza және M-1 лигасында ең жеңіл салмақта чемпион атанды. ММА әлемінде беделді Brave CF промоушенінде Асу тәжірибелі америкалық Зак Маковский, әзербайжандық Имран Магамаров және филиппиндік Кеннет Маннингатты жеңіп, 2022 жылдың ең үздік файтері атанды.

29 жастағы Алмабаев қазақстандық UFC файтері Шавкат Рахмонов сияқты Dar Team командасының өкілі. Шавкат америкалық Джефф Нилмен жекпе-жегіне дайындалғанда Асу оның қасында жүрді. Осыған қарап көпшілік «Зульфикар» да UFC-мен келісімшартқа отыратынын білген. Мұны файтер өзі де растады, бірақ асықпай күте тұруды сұраған. Енді Алмабаев ресми түрде әлемдегі ең үздік ММА лигасымен келісімшарт жасасып отыр. Демек жақында тағы бір қазақстандық спортшының UFC-дегі дебютін көреміз.

Айта кетейік, 6 мамырда лигадағы кездекті кездесуін өткізетін тағы бір қазақстандық Жалғас Жұмағұлов та ең жеңіл салмқата өнер көрсетеді.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;