русский язык
Футбол

Қырсық шалған команда. Газзаевтен Андонеге дейін...

Қырсық шалған команда. Газзаевтен Андонеге дейін...

Бірнеше күн бұрын еліміздің вице-чемпионы «Ақтөбе» жаңа бас бапкерді тағайындады. Бұл шілде айындағы ақтөбеліктердің жалғыз жақсы жаңалығы болар. Үстіміздегі ай әлі аяқталмаса да, шілденің ең сәтсіз командасы деп осы «Ақтөбені» атауға болатын шығар. «PROСПОРТ» тілшісі мұның себебін түсіндіріп көрмек.

Маусым айының аяғында Еуропа лигасының жеребесі тартылған соң, жергілікті жанкүйерлерді еурокубок ойындарының Қобыланды батыр атындағы Орталық стадионда өтетіні қуантты. Дегенмен шілде басталған соң, бұл қуаныш су сепкендей басылып қалды. Шілденің 2-де «Ақтөбе» футболшылары Орталық стадионда алғашқы матчын өткізді. Бірақ барша жанкүйер ұзақ күткен аталмыш ойын ақтөбеліктердің пайдасына аяқталған жоқ. Еуропа лигасы аясында қонақтап келген эстониялық «Нымме Калью» клубы сол кезде жеңіліс дегенді білмей келе жатқан «Ақтөбені» 1:0 есебімен ұтып, сенсация жасады. Жарайды, бұл матчты сәтсіздікке балап, қарымта ойында «Ақтөбеден» қарқынды ойын күттік. Еурокубоктық маусымды қазақстандық клубтардың ішінде соңғы болып аяқтап үйретіп тастаған «Ақтөбе» күтпеген жерден биыл ең бірінші болып «ұшып» кетті. Вице-чемпиондарымыз Таллиндегі ойынды да «қатырған» жоқ.

Бұл аз болғандай, еурокубоктық күйреуді өз мойнына алған бас бапкер Владимир Газзаев орнынан босатылып, команданы жарты жолдан тастап кетті. Ресейлік маманды мақтайтын да, даттайтын да жанкүйерлер бар болғанымен, клубтың маусым ортасында бапкерсіз қалуы жақсы жаңалық емес еді. Бұл да шілде айындағы сәтсіз күндердің еншісінде кетті.

Еуропа лигасында жарыс жолынан шығып қалған «Ақтөбенің» бар үміті тек Қазақстан чемпионаты болатын. Себебі ел кубогында да «Ақтөбенің» топ жаруы тым тұманды көрінеді (Ақтөбеліктер жартылай финалда өз алаңында «Астанадан» 0:2 есебімен жеңіліп қалды ). Бапкерсіз қалған команда сырт алаңда «Ертіске» 1:0 есебімен жол беріп, біріншіліктегі алғашқы жеңілісіне ұшырады. Келесі ойында «Ақтөбе» өз алаңында «Шахтерді» қабылдайтын. Міне, сәтсіздік сериясын тоқтатуы тиіс осы кездесу еді. Бұрын азуы алты қарыс көрінетін «кеншілердің» бүгінде дымы қалмай, турнир кестесінің көшін түйіндеп келе жатқан болатын. Сөйтсек, қарағандылықтар 1:0 есебімен жеңіске жетіп, сырт алаңдағы алғашқы үш ұпайына қол жеткізді. Көш басындағы командаларға азуын батыра алмай жүрген «Шахтерден» ұтылған «Ақтөбе» турнир кестесінде екінші орынға түсіп қалды.

«Ақтөбенің» шілдедегі нәтижесі осындай: еурокубоксыз қалды, бас бапкерінен айырылды, оның үстіне, турнир кестесінде төмендеп, басты бәсекелесін оздырды. Шілдені ақтөбелік клуб «Атырауға» қарсы сырт алаңдағы матчпен қорытындылайды. Осы тұста команданың тізгіні румыниялық маман Иоан Андонеге сеніп тапсырылды. Енді, «Ақтөбенің» сәтсіздік сериясына Андоне бапкер нүкте қояды деп үміттенеді жанкүйерлер. 

 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;