русский язык
Футбол

Ерзат Кенбаев: «Футболды тастап басқа салаға кеттім»

Ерзат Кенбаев: «Футболды тастап басқа салаға кеттім»

Кезінде Қазақ футболының болашағы атағына лайық болған «Тараздың» бұрынғы ойыншысы Ерзат Кенбаев 27-жасында үлкен спортпен қош айтысты, деп хабарлайды «PROСПОРТ».

«PROCПОРТ» анықтамасы.

Ерзат Кенбаев 

Жасы: 27

Бойы: 175 см

Салмағы: 70 келі

Амплуасы: шабуылшы 

Жастар арасындағы әлем чемпионы Испанияның қақпасына гол соққан футболшы соңғы жылдары Бірінші Лигада өнер көрсеткен еді. Бұған дейін Ерзат талдықорғандық «Жетісудің» жұлдызы болатын, кейін «Таразда» үш маусым өткізді. Қазіргі таңда, ойыншы футбол сүйер қауымның назарынан тыс қалған.

«PROСПОРТ» тілшісі шабуылшымен сұхбаттасып, одан қазіргі Қазақ футболының жағдайын сұрап және Ерзаттың көмегімен Ұлттық құрамамыздың кемшіліктерін анықтап көрді.

- Қазір футбол ойнап жүрген жоқпын, - деп бастады Ерзат. – Үлкен футболдан демалып, өзімді басқа салада көргім келеді.

 - «Жетісу» немесе «Тараз» сізді қайтарғысы келген жоқ па?

- Жоқ. Олардан ұсыныс келмеді, тек қана Бірінші лиганың командалары ғана өз қатарына қосқысы келді.  

- Ерзат, кезінде жастар арасындағы әлем чемпионы Испанияның қақпасына гол соққан жалғыз қазақ ойыншы - сіз. Сол «қызыл фурияның» бірқатар мүшесі қазірде ТОП командаларда өнер көрсетеді. Мәселен, Монреаль – «Арсеналда», Пике – «Барселонада», Мата – МЮ-де және т.б. Сол ойын есіңізде ме? 

- Иә, әрине. Бұл естен кетпейтін кездесу ғой. Футболшы мансабымдағы жақсы кездер еді... 

- Сол уақыттан бері Қазақ футболының деңгейі өсті ме? Қалай ойлайсыз? 

- Ел чемпионатының деңгейі кішкене өсті. Ал Ұлттық құрамамыздың деңгейі сол бұрынғы қалпында сияқты. 

- Бұрынғы қалпында қалуына не себеп деп ойлайсыз? 

- Елімізге мықты әрі әйгілі бапкер керек, әлде Владимир Муканов сияқты өзіміздің біріншілігімізді жақсы білетін маман қажет. Сондай-ақ, қазіргі таңда ұлттық құрамада жақсы бабында жүрген жергілікті ойыншыларымыз ойнамауда.

- Демек, Юрий Красножанның жұмысына көңіліңіз толмайды ма?

- Маған Юрий Красножанның қол астындағы Қазақстанның ойыны мүлдем ұнамайды. Оның бапкерлік мансабында ешқандай жетістіктері жоқ. Ұлттық құрамамыздың деңгейін көтеру үшін, бізге Юрген Клинсманн немесе Франк Райкаард секілді бас бапкер керек деп ойлаймын. 

 

Естеріңізге сала кетсек, Ерзат кәсіби мансабын «Таразда» бастаған. Артынша, футболшы талдықорғандық «Жетісу» мен көкшетаулық «Оқжетпесте» өнер көрсеткен. Соңғы командасы Бірінші лигада өнер көрсететін «Мақтаарал» футбол клубы болған.

 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;