русский язык
Футбол

Жеңілістің төрт себебі. «Ақтөбе» бұрынғыдай емес...

Жеңілістің төрт себебі. «Ақтөбе» бұрынғыдай емес...

Биылғы Еурокубок маусымы сәтсіз басталды. Жылда бірінші електік кезеңнен үш командамыз да мүдірмей өтетін, биылғы жылы қос клубымыз («Ордабасы», «Ақтөбе») алғашқы кезеңнен кері қайтты. Еуропа Лигасында енді қадам басып, сүрінген пентакампеондардың мардымсыз ойынына «PROСПОРТ» тілшісі сараптама жүргізді.

«Ақтөбенің» Еурододаларда ауыз толтырып айта алатын нәтижесі жетерлік. Қазақстандық клубтардың арасында 19,5 ұпаймен Еурокубоктарда топ бастап келеді. Топтық кезеңге бір қадам жерден сүрінетін ақтөбеліктер биылғы жылы, тіпті, бірінші іріктеу кезеңінен арыға бара алмады. Өзінен үш есе «арзан» эстониялық «Нымме Калью» Пурьенің соққан голы арқасында Ақтөбе қаласында 1:0 есебімен жеңіске жетіп, өз алаңында тең нәтижеге қол жеткізді. Сөйтіп, «Ақтөбенің» топтық кезеңіне шығамыз деген арманы тағы бір жылға кешеуілдеді. Себебі неде?

Ең бірінші себебі, қарсыласты бағаламау. Ойын алдында ірі есеппен жеңеміз деп жар салған болатын. Алайда... Футболдағы ең үлкен қателік, қарсыласыңды менсінбеу. Оны талай өз басымыздан да өткерген болатынбыз. Алайда әлі күнге дейін сабақ алмаппыз. Естеріңізде болса, осыдан 2 жыл бұрын Шотландияның аты шулы «Селтигі»«Шахтермен» кездесер алдында бұдан артық оңай қарсылас табылмайды деп айтқан болатын. Бірақ Елордамыз Астана қаласында «Шахтердан» 2:0 есебімен жеңіліп, қарабет болып қайтқан еді. Дегенмен қарымта ойында, жанкүйерлерінің үмітін ақтап, келесі кезеңге өтті. Ал біздің «Ақтөбе»... 14 мың жанкүйердің алдында жеңіліп, сырт алаңда тең ойнады. Сол кездегі вице-чемпиондардың бапкері Владимир Газзаев матч соңындағы баспасөз-мәслихатында «Біздің жолымыз болмады» деді. Жә, сәттілік аладоп ойынында әрине қажет-ақ. Бірақ 180 минутта 66 соққы жасап, бірде-бір гол соға алмау... Бұл футболшылардың деңгейінің көрсеткішін білдіреді.

Екінші себеп - командалық рухтың болмауы. Алғашқы ойында бес дүркін Қазақстан чемпиондары жігерсіз болды. Жеңіске деген құлшыныстың болмаса, әрине, теріс нәтижеге келесің. Шағын ғана эстониялық клуб ойыншылардың жеке шеберлігі арқасында жеңіске жетті десеңіз, қателесесіз. «Нымме Калью» ойыншыларының жеңіске деген құлшыныс артық болды. Қорғаныста өте сақ ойнап, қарымта шабуылға иек артып керекті нәтижесіне қол жеткізіп отыр олар.

Үшінші себебі - тактикалық  қателік. Шабуылға қатты беріліп, қорғанысты ұмыт қалдырғанын қарсылас кешірмейді. Еурокубокта жалғыз гол жолдама тағдырын шешеді. Оған осы ойын дәлел. Сол бір голға «Ақтөбе» қорғаушылары жауапты. Қорғанысты бір-бірін сақтандырып ойнау керек, әйтпесе гол болуы әбден ғажап емес. Стас Покатиловтың сейвінен кейін екінші леппен Атс Пурьеге соққы жасауға мүмкіндік беріп қойған қорғаушылар.  

Төртінші себебі, жергілікті ойыншылардың алаңға шықпауы. «Логвиненко ше?» деуіңіз мүмкін, бірақ... Бір қазақтың алаңға шықпауы, тек жанкүйерлердің емес, бүкіл футболсүйер қауымның жанына батты. Бекбаевтің шығуы мәжбүрлік десек, Жалмұқан тек негізгі уақыттың  аяқталуына 3 минут қалғанда ойынға қосылды. Қарымта кездесуде де осы жағдай. Покатиловтың қызыл қағаз алуына байланысты қақпаға Бекбаев тұрса, негізгі құрамда одан басқа қазақтың қара домалақ баласын көре аламадық. Жалмұқан әдеттегінше, қосалқы құрамда отырып, ойын бітерде алаңға шықты.

Айбар РЫСДӘУЛЕТ

Суреттер aktobetimes.kz, footboom.com сайттарынан

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;