русский язык
Басқа

СҚО-да жарысқа бара жатқан жасөспірімдер командасы аязда жолда қалды

Солтүстік Қазақстан облысында жарысқа шыққан гір көтерушілердің жасөспірімдер командасы жолда қалып, полицейлер аязда тоңған балаларды құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Уәлиханов ауданының гір көтеруші жасөспірімдер командасы жаттықтырушымен бірге Тәуелсіздік күніне орай Ақмола облысының Щучинск қаласында өткен жарысқа қатысқан. Команда құрамында алты бала болған. Үйге қайтып келе жатқанда көлік сынып, Тайынша ауданының аумағында Жаңадәуір ауылының маңында машина жолда қалған.

Жаттықтырушы Уәлиханов ауданының полиция бөліміне хабарласып көмек сұрады. Ол жақтан бұл оқиға туралы Чкалов ауылындағы полселкелік полиция бөлімшесіне айтылды. Бөлімше бастығы Аслан Досмұқанов, оның орынбасары мен учаскелік инспектордың көмекшісі шұғыл түрде оқиға орнына жетіп, мәселені шешуге көмектесті.

«Біз келсек балалар тоңа бастапты. Сондықтан оларды алдымен жылы жерге жеткізу керек болды. Кейін «ГАЗель» көлігін Чкалов ауылына сүйреп апардық. Жүргізуші мен жолаушыларға ыстық тамақ ұйымдастырдық. Сынған машинаны техникалық қызмет көрсету орталығына жеткіздік», - дейді полиция подполковнигі Аслан Досмұқанов.

Жас спортшыларды алып кету үшін аудан орталығы Кішкенекөлден басқа көлік келді. Ал балалар үйлеріне аман жетуі үшін патрульдік полиция батальонының қызметкерлері олардың алдында жүріп отырды.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;