русский язык
Футбол

Еуропаға жорық жалғаспақ. Бүгін кімнің бабы шабады?

Еуропаға жорық жалғаспақ. Бүгін кімнің бабы шабады?

Сенім жүгін арқалап бүгін үш бірдей клубымыз Еуропа Лигасындағы жорықтарын жалғастырмақ. Осыған орай «PROСПОРТ» тілшісі әр команданың келесі кезеңге өтуге деген мүмкіндігін саралап, талдап көрмек.

 

 Бақ шаба ма, бап шаба ма?

 
«Бейтар» - «Ордабасы». Бірінші матч - 0:0.
 
Шымкенттік команданың аяқ алысын не жаман деуге, не жақсы деуге болмайды. Өз алаңында Израильдің белді клубымен тең ойнау, әрине, кейбір футболсүйер қауым үшін көңіл көншітерлік есеп шығар. Алайда Еуропа додасын ұзақ уақыт күткен «Ордабасының» қызуқанды жанкүйерлері Виктор Кумыков шәкірттерінің ойынына разы емес. Оған себеп те бар. Ресейлік маман келгелі нағыз қазақи команда атанған шымкенттік ұжымның негізгі құрамынан қазақтың қарагөздері ығыстырылып қалды. Бір себебі осы болса, екіншісі Кумыковтың стилі. Бұрынғы «Орда» қызуқанды, шабуылда ойнағанды жақсы көруші еді дейді жанкүйерлер. Ал «Шахтердің» бұрынғы бапкері келгелі шабуылдаудан гөрі қорғаныста, комбинациялық ойыннан стандарттық жағдайға арқа сүйеуді шығарып алды. Енді жанкүйерлердің көңілінен шығар бір ғана мүмкіндік бар. Ол «Бейтармен» сырт алаңда өтетін ойында керекті нәтижеге қол жеткізіп, келесі кезеңге өту ғана. Израильдің 6 дүркін чемпионы да оңай шағылар жаңғақ емес. Қарымта кездесуде тек қана жеңіске жетуді көздейді. Егер Виктор Кумыков шәкірттері келесі кезеңге өтсе, кішігірім сенсация болмақ. Бірақ үмітсіз – шайтан. Доп домалақ деген бар, бүгін кімнің бабы мен бағы бірге шапса, сол жеңіске жетеді.

 

Шегінерге жол жоқ

 

«Нымме Калью» - «Ақтөбе». Бірінші матч – 1:0

13 мың жанкүйердің тамаша қолдау көрсеткен жетпеген секілді ақтөбеліктерге. Күтпеген жерден эстониялық қонақтарға бір доп айырмашылығымен жол беріп қойды. Бүкіл қазақ елі үлкен үміт артқан ұжымның бірі әрі бірегейі осы «Ақтөбе» еді. Жылда топтық кезеңге бір қадам жерден сүрінетін батысқазақстандық клуб бұл жылы 1-ші електік кезеңнен өтпей қалатын түрі бар. Владимир Газаев өз шәкірттерін жеңіс шыңына алып шыға алмаса, жанкүйерлерінің сөзіне қалатыны белгілі. Сол себепті ел біріншілігінің ең жас бапкері қалай болса да сырт алаңда жеңіске жету керек. Оған мүмкіндіктері мол. Бірінші кездесуді жәй ғана сәтсіз ойын екенін дәлелдеп, өзінің мықтылығын көрсету қажет. Алғашқы матчта жеңілсе де, бұл ойынның фавориті – «Ақтөбе». Сапында Данило Неко, Маркос Пиззели, Марат Хайрулин, Айоделе Аделейе сияқты сайдың ерке тасындай кілең мықты ойыншылары бар вице-чемпиондар сенім артқан жанкүйерлердің жүзін жерге қаратпауға тырысып бағады.

 

Кеткен есені қайтаруға мүмкіндік

 

«Кайрат» - «Црвена Звезда». Бірінші матч – 2:0

Еуропа Лигасында өнер көрсететін үш ұжымымыздың ішінде ең сәтті бастаған осы алматылық команда. Сырт алаңда Сербияның «Црвена Звездасын» 25 мың жанкүйердің көзінше масқарасын шығарды. Бұны 2002 жылғы кеткен есенің қайтару деп білейік. Ал бүгінгі ойынға келер болсақ, Владимир Вайсс шәкірттерінің келесі кезеңге өтуге мүмкіндігі өте мол. Белградтағы екі гол алматылықтарға қол болары сөзсіз. Бірақ «жаралы аң – екі есе қауіпті» дегенді ұмытпаған жөн. Тамыры тереңге кеткен, тарихы мол сербиялық ұжымның да бүгін айтары бар. Владимир Вайсстың алғашқы матчтан соң «Әлі ештеңе шешілген жоқ, келесі кезеңге өтуге мүмкіндігіміз 50-де 50» деген. Бос айтпағаны белгілі. Әлі де болса Чемпиондар Лигасының жеңімпазынан сескенетіні рас. Дегенмен, алматылық команданың жанкүйерлері бүгінгі ойында тек қана жеңісті күтетіндігі сөзсіз. Шабуылда Жерар Гоу мен Исаэл, орта шепте Исламхан мен Риера, қорғаныста Маркович пен Соарес жұбы құрайтын «Кайраттың» келесі кезеңге өтеріне сенейік. Алайда, ойын тағдыры тек «Қайратқа» ғана тіреліп қалмайтыны айтпаса да түсінікті. «Црвена Звезданың» жас жұлдызы Предраг Райковичке көп нәрсе байланысты. Белградтағы кездесуде командасын ірі жеңілістен құтқарып қалған болатын. Бұл жолы да тамаша ойын өрнегін көрсетсе «Кайрат» шабуылының азуы батпайтын секілді. Не дегенмен де, Владимир Вайсс мырзаның бір ойлап отырғаны бар шығар.

 

Еуропа Лигасының қарымта кездесулерін қай арналардан көрсететін мына сілтемеден біле аласыз.

 

Айбар РЫСДӘУЛЕТ

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;