русский язык
Футбол

Сен соқпасаң, саған соғады. «Ақтөбе» «Нымме Кальюдан» ұтылып қалды

Сен соқпасаң, саған соғады. «Ақтөбе» «Нымме Кальюдан» ұтылып қалды

Қазақстандық футбол жанкүйерлері сағына күткен УЕФА Еуропа лигасы да басталды. Еліміздің вице-чемпиондары «Ақтөбе» өз алаңында эстониялық «Нымме Калью» клубын қабылдап, сенсациялық түрде жеңіліп қалды.

Ойынды қос команда да белсенді бастады. Уақыт өте ақтөбеліктер басымдыққа ие болып, шабуылды шабуылға ұлыстыра берді. Алғашқы таймда Владимир Газзаев шәкірттерінде бәрі де болды: шеберлік те, мүмкіндік те, соққы да, жанкүйер де. Тек гол болған жоқ.

«Ақтөбе» ойыншылары қорғаныста сақ, шабуылда белсенді ойнай білді. Таймның орта белінде алаң иелері қонақтарды өз жарты алаңдарына тықсыртып, есеп ашуға жан таласқан. Данилоның, Маркоз Пизеллидің алма кезек соққылары қақпашы Виталий Телешті біраз састырғанымен, эстониялық голкипер өз қақпасына бағытталған доптың бәрін тоқтата алды.

«Ақтөбенің» ардагер ойыншысы Марат Хайруллиннің өзі екі мүмкіндікке ие болды. Алдымен алыстан бағыттаған соққысы бағанадан бірнеше саниметр қиын кетсе, артынша баспен ұрған добы да діттеген жерге жеткен жоқ.

Қазақстанның вице-чемпиондары кем дегенде екі-үш гол салуға лайық болғанымен, командалар үзіліске кеткенде тоблода 0:0 есебі жанып тұрды.

Екінші тайм да алаң иелерің допқа иелік етуімен өтті. «Ақтөбе» бірнеше мың жанкүйерінің алдында алға ұмтылып, Череш қақпасынан саңлау табуға тырысты. Дегенмен қонақтардың қорғанысы сыр бере қойған жоқ. «Ақ-қызыл түстілер» өздерінде болған мүмкіндіктердің бірін де пайдалана алмады.

Қалай гол салу керектігін «Нымме Калью» ойыншылары көрсетіп берді. 72-минутта қонақтардың ауыз толтырып айтарлық алғашқы ұмтылысы голмен аяқталды. Сол қанаттан басталған шабуылдан соң доп Атс Пурьенің аяғына оңтайлы жата кеткен, эстониялық футболшы допты алаң иелерінің қақпасында тулатты.

Бұл аз болғандай, «Ақтөбенің» негізгі қақпашысы Стас Покатилов айып алаңының сыртында қолмен ойнағаны үшін қызыл қағаз алып, жағдайды одан сайын қиындата түсті. Осылайша санаулы минутта жойқын екі соққы алған ақтөбеліктер өз алаңында тым болмағанда тең есепті құтқарып қалуға ұмтылған. Алайда қонақтар қолда тұрған жеңістен айырылған жоқ.

Осылайша, Еуропа лигасының алғашқы іріктеу кезеңінен қиналмай өтеді деп күтілген «Ақтөбе» өз алаңында эстониялық «Нымме Кальюдан» 0:1 есебімен жеңіліп қалды. Бұл кезеңнің екі матчтан тұратынын ескерсек, қазақстандық ұжым келесі аптада Эстонияда қолайлы есеппен жеңіске жетеді деп үміттенеміз.

«Ақтөбе» - «Нымме Калью» 0:1 (0:0)

Гол: Пурье 72

«Ақтөбе»: Покатилов, Аделейе, Мирошниченко, Дмитренко, Логвиненко, Жулпа, Хайруллин, Пизелли (Бекбаев 78),Неко (Жалмұқан 87), Дяк, Данило (Хижниченко 80).

«Нымме Калью»: Телеш, Бяренгруб, Родригеш, Калласте, Дмитриев, Вунк, Айнсалу (Неэмело 82), Мезеэл, Вакуи (Линдпере 58), Пурье, Кимбалула (Листманн 90+).

Ескерту алғандар: Данило 19, Жулпа 69 – Бяренгруб 21, Родригеш 27, Калласте 44, Вунк 62

Алаңнан қуылды: Покатилов 77

 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;