«Ақтөбе» ойыншысы «Қайратқа» қарсы матч жайлы пікірін айтты

«Ақтөбе» ойыншысы «Қайратқа» қарсы матч жайлы пікірін айтты

«Ақтөбе» артылай қорғаушысы Рамазан Оразов алматылық «Қайратқа» қарсы матч және маусым жайлы ойын айтты, деп жазады Prosports.kz.

Бұл туралы клубтың баспасөз қызметі хабарлады.

— Бүгінгі матч жайлы не айтсам болады? Біз барлық ахуалды дұрыс бағалап, ойынға тыңғылықты дайындалдық. Тек жеңіске әзірлендік. Тең нәтиже де, жеңіліс те біздің көңілімізден шықпас еді. Бірақ кездесу қиынға соқты. «Қайрат» — ұйымшыл команда. Қызықты ойында лайықты жеңіске жеттік деп ойлаймын. Бүгін ұрымтал сәттер де, талас та, әдемі футбол да болды. Ауа райына қарамастан стадионды лық толтырған жанкүйерлерге алғыс айтпай кетуге болмас. Олар бізді қамшылап отырды.

— Былтырдан бері ақ-қызылдар сапындасың. 2021 жылы алтыншы орын алсақ, биыл екінші орынға көтерілдік. Даму бар ма?

— Біз үшін де, жанкүйерлер үшін де биыл қызықты маусым болды деп ойлаймын. Ұзақ уақыт бойы біз турнирлік кестеде бірінші орында келе жаттық. Өкінішке қарай, басымдықты ұстап тұра алмадық. Бірақ бұл футбол. Ондай-ондай болып тұрады. Мұндай сәттер бізді тек қайрай түсуі тиіс. Өйткені бәрі алда. Кейінгі маусымдарда жарқын нәтижелерге қол жеткізуге тырысамыз. Ал қазір жақсылап демалып, сарқылған күшті қалпына келтіру қажет.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер 0