Ұлттық спорт

Бүгін Дүниежүзілік көшпенділер ойындары басталады

Бүгін Дүниежүзілік көшпенділер ойындары басталады
news-banner7
mobile-news-top

Бүгін Түркияның Изник қаласында Дүниежүзілік көшпенділер ойындары басталады. Дүбірлі дода 29 қыркүйек пен 2 қазан аралығында өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айтулы шараға 23 спорт түрінен медальдар сарапқа салынады. Оған әлемнің 100-ге жуық елінен спортшылар қатысады деп күтіліп отыр.

Жалпы жарыста 23 спорт түрі қамтылған.

Еліміздің атынан аталған бәсекеде қазақ күресі, көкпар, көкбөрі, жамбы ату, дәстүрлі садақ ату спорт түрлері бойынша 53 спортшы жарыс жолына шығады.

Көкпардан ҚР ұлттық құрама сапында әлем чемпиондары Ұлан Байтөреев (команда капитаны), Абылайхан Нышанбеков, «ғасыр ойыншысы» атанған Құрманбек Тұрғанбек сынды ойыншылар ел намысын қорғайды.

Бұрын көкбөрі (қырғыз көкпары) ресми түрде спорттық сайыс түрлері қатарында жоқ болатын. Жобаның авторы ретінде саналатын Қырғызстан сұранысымен ол соңғы күндері енгізіліп, оған еліміздің атынан қатысушылар дайындалды.

Қазақ күресінен 6 салмақ дәрежесі бойынша жүлделер сарапқа салынады. Олардың 3-і салмақ ерлер, 3-і әйелдер арасында болады.

Балуандар арасында «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің жеңімпазы Мақсат Исағабылов та бар.

Жамбы ату спорты бойынша ұлттық құрама мүшелері - тұңғыш Әлем чемпионы Ералхан Айкөз, Әлем чемпионы Абзал Тулыбеков, Азия чемпионы Бақдәулет Бабажан жарыс жолына шығады.

Дәстүрлі садақ атудан Диас Ахметов (ҚР кубогінің жеңімпазы), Ербол Тәпенов (Әлем кубогінің күміс жүлдегері), Анжела Тарыца (Әлем кубогінің жеңімпазы) бар.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2014 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Алғашқы үшеуі Қырғызстанның Шолпон-Ата қаласында ұйымдастырылды.

Аталған жарысқа 2014 жылы - 19, 2016 жылы - 60, 2018 жылы - 66 мемлекеттен спортшылар келді.

2014-2018 жылдар аралығында қазақстандық спортшылар барлығы 138 (40 алтын, 46 күміс, 52 қола) медаль алып, жалпы есепте екінші орында тұр.

Көш басында Қырғызстан - 237 (81-77-79) медальмен көш бастап тұрса, үшінші орындағы Ресейде - 88 (29-17-42) медаль бар.

Түпнұсқасы: inform.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер