русский язык

Көкпардан футболға дейін. Чемпиондар лигасына қатысқалы отырған Ерасыл Сәрсенбай жайлы

Көкпардан футболға дейін. Чемпиондар лигасына қатысқалы отырған Ерасыл Сәрсенбай жайлы

Prosports.kz назарларыңызға «Тұранның» жас сұрмергені туралы мақала ұсынады.

Ерасыл Сәрсенбай - Түркістанның түлегі, былтырға дейін облыстық балалар-жасөспірімдер мектебінде тәлім алды. Оны сол кезде бапкері Ғабит Ұлмаханов «Тұранға» сынақтан өтуге апарған. Жас шабуылшы қаралымнан сәтті өтіп, өзінен екі жас үлкен жігіттермен бірге өнер көрсете бастады. Ерасыл 2006 жылы туған, бірақ 2004-05 жылғы командада доп тепті.

Ерасылдың ерекшелігі сол, ол футболдан бөлек, ұлттық ойын көкпарға бала кезінен әуестеніп, ауылда осы спорт түрімен айналысқан.

«Тұран» академиясына түскеннен кейін Ерасыл 2004-05 жылғы командамен бірге сенсация жасап, Қазақстан чемпионатын жеңіп алды. Маусым барысында Сәрсенбай чемпионатта 12 гол соғып, командасының екінші сұрмергені атанды (командада13 гол соққан ойыншы бар).

Ерасыл бізге сәтті маусым туралы ойын айтты: «Мен «Тұран» сапында ойнаған алғашқы жылымда чемпион болғаныма өте қуаныштымын. Сонымен қатар, үздік сұрмергендер қатарында болғаныма да дән ризамын. Біз ең мықты екенімізді дәлелдедік деп ойлаймын».

Енді жас сұрмерген УЕФА жастар лигасында еуропалық командаларға қарсы бақ сынайды. Ол бұл туралы «Құдай қаласа жеңіске жетуі үшін бәрін жасаймын», деді.

«Тұран» ФК академиясының бас бапкері Сава Ковачевич Сәрсенбайдың өнері өзге жас футболшыларға үлгі болады деп есептейді: «Ерасыл үшін өте қуаныштымын! Өте қызық жағдай. Ол бізге көше футболынан келді деуге болады. Оның талантын байқап, жасы үлкен командаға бару керек деп шештік. 2004-05 жылғы команданың жаттықтырушысы Ғалымжан Есенбаевты ерекше атап өткім келеді. Ерасылдың осындай мықты маусым өткізуіне көп еңбек сіңірді. Сәрсенбай осы бағытынан жаңылмай, ілгерілей береді деп сенемін. Оған шынымен сенім артамыз, одан керемет ойыншы шығатынына сенеміз. Ал оның мысалы қазақстандық әрбір дарынды балаға мотивация бола алады».

Ал «Тұран» клубының 2004-2005 жылғы командасының бапкері Ғалымжан Есенбаев Ерасылдың өткен маусымда бірнеше шешуші гол соққанын атап өтті. Сәтті өткен маусымнан кейін Сәрсенбай «Тұранның» Екінші лигадағы командасының тізіміне енді. Футболшы ұлттық құрама деңгейіне дейін жетіп, Қазақстан футболының дамуына үлес қосуды және ата-анасының үмітін ақтауды мақсат етіп отыр.

Вундеркинд Түркістан қаласындағы М.Пошанов атындағы орта мектептегі сынып жетекшісі Жүнісова Нұржамалға да ризашылықпен алғыс айтуды ұмытқан жоқ.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;