Күрес

Қытайда қазақ күресінен өтетін чемпионатқа үш автокөлік тігілді

Қытайда қазақ күресінен өтетін чемпионатқа үш автокөлік тігілді

16-17 шілде күндері Қытайдың Шыңжаң өлкесі Санжы облысы Манас ауданында қазақ күресінен чемпионат өтеді. Онда өлкенің төрт бұрышынан жиналатын балуандар күш сынасады. Аталған спорттық бәсекенің жүлде қоры да қомақты – 3 автокөлік тігіліген, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Салауатты Қытай. 2030 жобасы» негізінде бұқаралық спортты дамыта отырып, ауданымыз ұлттық ерекшелікке ие спорт түрлеріне ерекше мән береді. Соның ішінде күрес дәстүрін дамытып, алып күш иелерінің қол қарымын сынасуымен бірге, атан түйенің күші – азаматтардың бұқаша мойынмен тартысуын да ұйымдастырып отырмыз. Қазақша күрестің үш салмақтағы түрінің жеңімпаздарына 3 автокөлік тігілді», - деп жазады жарысты ұйымдастырушылар.

Бұқаралық спорт түрінде ұйымдастырылған бұл бәйгеге қатысушылардың ұлтына қарай шектеу қойылмайды. Басты шарт – жасы 18-ге толған және тұрғылықты жері тек Шыңжаң өлкесі болуы. Сонымен қатар, бұрын кәсіби балуан болған болса, арнайы командадан шыққанына 3 жылдан асуы талап етіледі.

Қытайлық БАҚ-тың дерегіне сүйенсек, жарыс үш салмақ дәрежесінде өтеді: қазақ күресі мен оң қол күресі – 70, 85 келіге дейін және 85 келіден жоғары. Ал, «бұқаша тартыс» деп аталатын спорт түрінен 85 келіге дейінгі және 85 келіден жоғарғы деп екі салмақ дәрежесі бойынша күш сынасады.

Сонымен қатар, қазақ күресі мен қол қарымын сынасушылар алдыңғы алты орынға дейін марапатталады. Ал, «бұқаша тартыста» алдыңғы сегіз адамға дейін сыйлық берілмек.

Айта кетейік, бұл жолғы ұлттық спорт түрлерін қаржылай демеушілер: Шархан Қазыұлы, Мәулен Қасенұлы, Ма Миңлоң, Нұрлан Ысқақұлы қатарлылар. Аталған спорттық бәйгені тікелей ұйымдастырушы – Манас ауданы дене шынықтыру бас қоғамы мен Манас аудандық күрес қоғамы.



Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер 0