русский язык
ММА

«Қазақстанда төбелессең, мерзімінен бұрын жеңуің керек»

«Қазақстанда төбелессең, мерзімінен бұрын жеңуің керек»

20 наурызда қазақстандық файтер Мақсат Есболатов ресейлік Рамазан Кадиевпен жекпе-жек өткізеді. Файтерлер ALASH PRIDE FC чемпиондық титулын сарапқа салады. Ивент Ақтөбеде болады.

Prosports.kz тілшісі жекпе-жек алдында Рамазан Кадиевпен сөйлесіп, кездесуге дайындығы, қарсыласы, Қазақстан туралы ойын сұрады.

- Рамазан, қазақстандық жанкүйерлер сіз туралы көп біле бермейді. Өзіңіз туралы қысқаша айтып беріңізші. ММА-ге қашан келдіңіз?

- Мен аралас жекпе-жекке 14 жасымда келдім. Әдетте кез келген файтердің қандай да бір мықты тұсы болады: күрес не грэпплингтен білім базасы дегендей, менің ешқандай базам болған жоқ. Бірден ММА-ге келдім. Ал 18 жасымда алғашқы кәсіпқой жекпе-жегімді өткіздім. 20 жасымда рекордым 5-0 болды, жақсы деңгейдегі файтермін деп сезіндім. Бірақ ешқашан босаңсымау керегін білемін. Дегенмен қатарынан бес рет жеңген соң сәл босаңсыдым. Соның салдарын көрдім. Кейінгі кезде жаттығуға көп көңіл бөлемін. Сондықтан қазақ жанкүйерлері мені және жекпе-жекті ұмытпайды деп ойлаймын.

- Алдағы жекпе-жекке дайындығыңыз қалай өтіп жатыр?

- Дайындығым жақсы өтіп жатыр. Күреске де, соққыға да – бәріне де көңіл бөлемін. Жұдырықтассақ та, күрессек те бәрібір, бәріне дайынмын.

- Қарсыласыңыз Мақсат Есболатов әлі жеңіліп көрмеген. Оның деңгейі туралы не айта аласыз? Сіздің ойыңызша, оның мықты тұстары қандай?

- Қарсыласым туралы айтар болсақ, Мақсат – өте мықты жігіт. Соққысы мықты, күресте де жақсы. Өте мықты. Осындай қарсыласпен өзімді тексеріп көру қызық. Бұл жекпе-жек оған да, маған да оңай болмайды. Сондықтан, қазақстандық жанкүйерлерге жекпе-жек қызық болатын шығар.

- Бұл кездесуде не шешуші роль атқаруы мүмкін?

- Әрине, алдын ала ойластырғандарым бар, бірақ мұны айтудың керегі жоқ. Бұл – ММА, кез келген нәрсе болуы мүмкін. Бір-бірімізге ауыр соққы жасауымыз ықтимал. Бәрін жекпе-жек көрсете жатар.

- Жекпе-жек мерзімінен бұрын аяқталуы да мүмкін дейсіз ғой...

- Иә, жекпе-жек мерзімінен бұрын аяқталатын шығар.

- Сіз кейінгі төрт жекпе-жектің үшеуінде жеңіліп қалдыңыз. Бұған не себеп болды?

- Иә, мен қатарынан екі жекпе-жекте жеңіліп қалдым. Бұл қатты әсер етті. Себебі әлі жаспын, босаңсып қалдым. Рекордым 5-0, бәрін қырып-жоямын, жеңілмеймін деп ойладым. Біздің спортта түрлі акула бар, босаңсып қалсаң, біттің. Бұл жеңілістерім үшін қуаныштымын. Себебі бұл жеңілістер болмаса, мен мұндай ой түймес едім.

- Сіз Қазақстанға екінші рет келіп отырсыз. 2020 жылы Рауан Жолдасқа қарсы жекпе-жек тең аяқталған еді. Ол кезде жеңіске жетуге не жетіспеді деп ойлайсыз?

- Иә, 2020 жылы жұдырықтастым. Сол жекпе-жекте жеңіске жеттім деп ойлаймын. Көрген жанкүйердің 90 пайызы мен жеңгенімді айтты, көптеген қазақ жанкүйері келіп «Сен жеңдің» деп жатты, сол үшін құрметім ерекше. Қазақстанда жұдырықтасқанда мерзімінен бұрын немесе өте сенімді жеңуің керегін бәрі біледі. Төрешілер шешімімен жеңе алмайсың, қашан да солай болған.

- Қазақстан туралы ойыңыз тек осындай ма?

- Шынымды айтсам, Қазақстанға қатты таңдай қағамын. Жанкүйерлері өз спортшысына қолдау көрсетуі керемет. Қазақстан бұл жекпе-жекте маған қарсы болатынын білемін. Сонда да Қазақстанды жақсы көремін, құрметтеймін, маған да қолдау көрсететіндер бар.

- Жалпы, Қазақстан спортын бақылап жүресіз бе? Кімді атап өте аласыз?

- Қазақстандық спортшылардан Қуат Хамитовті атап өтуге болады. Мен оған қатты жанкүйер болғанмын, әлі де стилі ұнайды. Өте мықты файтер. Қайда төбелессе де, кіммен төбелессе де, соған жанкүйер боламын. Себебі файтер ретінде қызық.

- UFC-ді қаншалықты жиі қарайсыз?

- Иә, UFC көремін. Маған ағайынды Диаздар ұнайды. Жекпе-жек өткізу стилі, оған дайындығы – бәрі тамаша. Керемет рекорды жоқ шығар, бірақ оларды аңыз деп айтуға болады.

- Соңғы сұрақ. ММА-де мақсатыңыз қандай?

- Мақсатым – жоғары лигаға жету. ММА-мен айналысатын файтерлердің 99 пайызы жоғары лигаға жетуді, яғни UFC-ге баруды армандайды. Бәріміз соған талпынамыз, Құдай қаласа, сол күнге де жетіп қалармыз.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;