Елена Рыбакина Индиан-Уэллсте Аустралияның екі дүркін чемпионын жеңді
![Елена Рыбакина Индиан-Уэллсте Аустралияның екі дүркін чемпионын жеңді](https://prosports.kz/upload/news/content//202203/472_5b61eeb49172c4b2c830a2be5ac72efa.jpg?v=28667898)
Қазақстанның бірінші, әлемнің 20-ракеткасы Елена Рыбакина Индиан-Уэллс WTA 1000 турнирінің төртінші айналымына шықты, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қазақстандық теннисші үшінші айналымда кезінде дүниежүзілік рейтингте көш бастаған, қазір әлемнің 15-ракеткасы, Аустралия ашық чемпионатының екі дүркін чемпионы, осы жарыстың өткен жылғы финалисі, Беларусь өкілі Виктория Азаренкомен шеберлік байқасты.
Қарсыластар бұған дейін кездеспеген еді.
Е.Рыбакина сағат жарымнан астам уақытқа созылған матчта 6:3, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Екінші сетте В.Азаренко медициналық көмекке де жүгінді.
Қазақстандық теннисші 5 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Беларусь спортшысы 3 эйспен шектелді.
Е.Рыбакина жүлде қоры 8,4 млн АҚШ долларына бағаланған доданың ширек финалына шығу үшін әлемнің 51-ракеткасы, швейцариялық Виктория Голубичпен таласады. Ол осы жарыстың екінші айналымында тағы бір қазақстандық Юлия Путинцеваны ұтып кеткен еді.