русский язык
ММА

Аралас жекпе-жектен үш дүркін әлем чемпионы Бағдат Жұбаныш: Келесі алар белес - кәсіпқой ММА

Аралас жекпе-жектен үш дүркін әлем чемпионы Бағдат Жұбаныш: Келесі алар белес - кәсіпқой ММА

Қазақстандық файтер Бағдат Жұбаныш Абу Дабиде өткен әуесқойлар арасындағы әлем чемпионатында бірінші орын иеленді. Бұған дейін жаһан біріншілігінде екі мәрте үздік шыққан спортшымыз, бұл жолы да қарсылас шақ келтірмей, әлемдік додада үш рет топ жарған тұңғыш ММА спортшысы атанды. Осы орайда, Prosports.kz тілшісі Фараби Әбдіхалық спортшымен байланысқа шығып, турнир, еліміздегі ММА-дың деңгейі мен Бағдаттың аралас жекпе-жектегі болашағы жайлы сұрақтар қойған еді.

- Бағдат, әлем чемпионатындағы жеңісіңіз құтты болсын! Турнир ұйымдастырылу жағынан жоғары деңгейде өтті ме?

- Рахмет сізге. Турнир өте жоғары деңгейде өтті. Спортшылардың деңгейі бұрынғыдан әлдеқайда өскен. Жекпе-жектердің көбісі төрешілердің шешімімен аяқталды. Ол жоғары бәсекенің көрсеткіші.

- Турнир барысындағы ең қиыны қай жекпе-жек болды?

- Әрине, осындай дәрежедегі халықаралық жарыста жеңіл қарсыластар болмайды. Бәрі мықты. Бірақ жауапкершілігі жағынан қиындау болған жекпе-жек - финалдық белдесу. Себебі, ол - ең соңғы қадам. Бірінші орын алу - маңызды тарихи сәт, сондықтан соңғы жекпе-жек мен үшін ең қиыны болды.

Бағдат Жұбаныш пен ресейлік Фарход Рахмоналиев арасындағы финалдық жекпе-жек

- ММА-дан үш дүркін әлем чемпионы атанған тұңғыш спортшы атандыңыз. Алда тағы қандай тарихи жетістіктерді жаңарту ойда бар?

- Бірнеше жыл бойы тек осы сәт үшін жұмыс жасап, өмір сүрдім. Алланың қалауымен үш дүркін әлем чемпионы атандым. Осымен әуесқой ММА-да мақсатыма жеттім. Келесі алар белес - кәсіпқой ММА.

- Дүбірлі дода Қазақстанда өтпейді деген шешімді қалай қабыл алдыңыз? Турнирге дайындық қалай өтті?

- Әрине, турнирдің Қазақстанда өтпегені бәріміз үшін өкінішті болды. Бірақ, уақыт өткізбей Абу Даби қаласында ел намысын қорғауға дайындықты бастадық. Бірнеше оқу-жаттығу кезеңінен өттік, одан басқа уақытта бапкерім Айбек ағаймен бірге туған қалам Ақтөбеде дайындалдық. Турнирдің қайда өтетіні маңызды емес. Маңыздысы, топ жарып, еліміздің атын шығару. Жанкүйерлердің қызу қолдауын да сезіндік. Аянып қалмай, жеңіске жетуге бар күшімізді салдық.

- Ресейлік файтерлер жалпы есепте бірінші орын иеленді. Бірақ, біреуін өзіңіз алтын жүлдесіз қалдырдыңыз. Жалпы, көрші елдің спортшыларының бұл спорттағы деңгейі бізден әлдеқайда жоғары ма?

- Ресейлік файтерлердің деңгейі өте жоғары, себебі аралас жекпе-жекпен айналысатын спортшылардың саны да көп. Сондықтан, бәсеке де бар. Олар қала, облыс, аудан чемпионаттарынан іріктеуден өтіп, Ресей чемпионатына қатысады. Спортшылардың деңгейі күннен күнге өсіп жатыр. Егер, бұрын құрамада тек дағыстандық спортшылар болса, қазір мықты басқа ұлт өкілдері өнер көрсетіп жүр.

- Қазақстан ММА-ның деңгейін қалай бағалайсыз?

- Еліміздегі ММА туралы айтатын болсақ, бізде де мықты спортшылар көп. Әуесқой болсын, кәсіпқой болсын, елімізді әлемге танытатын жарқын жұлдыздар бар. Әлем чемпионатында барлық қатысушылар қазақ спортшыларына үлкен құрмет білдіріп, үлгі тұтады. Әлемнің бірнеше елінің спортшылары Қазақстанға оқу-жаттығу жиынына келіп, бізбен бірге дайындық өткізуге ынтасын білдіреді.

- Енді кәсіпқой деңгейге ауысам деп әңгіме басында айтып қалдыңыз. Ол жақта қандай жоспарыңыз бар?

- Әлем чемпионатынан кейін кәсіпқой мансабымды бастап, бірнеше тұжырымда өнер көрсетіп, чемпион атану - басты мақсатым. Әрине, әр спортшы UFC-да өнер көрсеткісі келеді. Бірақ, онда менің салмағым жоқ. Сондықтан, 52 немесе 57 келіге дейінгі салмақта дивизиондары бар промоушендердің ұсыныстарын қарастырамын деп ойлаймын.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;