Қысқы

Бейжің-2022: Қысқы ойын қарсаңында көрсеткішіміз қандай?

Бейжің-2022: Қысқы ойын қарсаңында көрсеткішіміз қандай?
news-banner7
mobile-news-top

Пандемияға байланысты әлем жанкүйерлері алдағы Бейжің олимпиадасына турист болып бара алмайды. Қытайдағы қысқы ойындар жергілікті жұрттың тамашалауымен ғана өтеді. Әрине, жарыс жолдарында. Ал көгілдір экраннан бәріміз жанымызды шүберекке түйе қолдайтынымыз анық.

Олимпиадағы іріктеу жарыстары қаңтар айының екінші онкүндігінің соңына қарай мәреге жетеді. Одан кейін Бейжіңде олимпиада басталады. Олимпиада қарсаңында қазақстандықтар көрсетіп жүрген нәтижелерге арнайы тоқталып өтейік.

Фристайл-могул

Жарыстың бұл бағдарламасында басты үмітіміз Юлия Галышева сынға түседі. Галышева 2018 жылы Пхенчхан олимпиадасында сәтті өнер көрсетіп, үздік үштікке енген еді. Жаңа маусымды дарабоз спортшымыз 4 желтоқсанда Финляндияның Рука қаласында өткен әлем кубогы кезеңінен бастады. Мұнда ол 75,8 ұпаймен жетінші орыннан көрінсе, Анастасия Городко – 15, Аяулым Әміренова 24 орында қалды. Ерлер арасында олимпиада чемпионы Майкл Кингберридің ізін ала Павел Колмаков екінші нәтиже көрсетті. Павел Кингсберриден небары 0,89 ұпай ұтылды. Сергей Романов – 42, Олег Цин – 47, Роман Бондарев 60 нәтиже тіркеді.

Одан кейін Швецияның Идре қаласында өткен әлем кубогы кезеңінде Галышеваның нәтижесі нашарлай түскенін байқадық. Ол жеке сында үздік ондыққа ене алмады (13 орын, 76,55 ұпай). Жарысты Әміренова – 28, Городко – 32, Олеся Граур 37 орынмен аяқтады. Ерлер арасында Колмаков 82,52 ұпаймен бесінші сатыға сырғыды. Қалған үш спортшы қырық мықтының арасына ене алған жоқ.

Альп де Юзде (Франция) өткен үшінші кезеңде әйелдер арасында 16 жастағы А.Городко үздік ондыққа ене алды. Галышева – 14, Әміренова 21 көрсеткішке ие. Ерлер арасында Колмаков үздік ондықтан төмендеген жоқ. Дегенмен бұл жолы оның тағы да төмендей түскенін байқауға болады (8 орын). Қорыта келгенде, олимпиада қарсаңында Павел Колмаковтың нәтижелері үмітке жетелейді. Ал Галышева бабына асықпай еніп, тура олимпиадаға сақадай сай болып баруды көздейтін сияқты. Ал Городконың прогресі, әрине, қуантпай қоймайды.

Ерлер арасында қазір М.Кингсберри мен жапониялық әлем чемпионы Икума Хорисиманың көрсеткіштері өте жақсы. Әйелдер арасында австралиялық Жакара Антони үш кезеңде де жүлдегерлер қатарына енді, ал тағы бір жапониялық спортшы Анри Кавамура екі рет жеңіс тұғырынан орын тапты. Бірақ оларды Бейжің олимпиадасының фавориті деуге ерте.

Фристайл-акробатика

Бұл бағдарламада бар үмітіміз Жанбота Алдабергеновада екені сөзсіз. Шымкенттік спортшы әлем кубогының 2 желтоқсандағы алғашқы кезеңінде күміс медаль жеңіп алған еді. Ол Қытай спортшысы Коң Фанюді ғана алға жіберді. Ақмаржан Қалмырзаева – 13, Аяна Жолдас – 23, Маржан Ақжігіт 39 орынға лайық бағаланды. Бір күннен кейін өткен екінші кезеңде Жанбота бұрынғы биігін ұстап тұра алмады (28 орын). Ал Қалмырзаева тұрақты өнер көрсетті (14 орын), Жолдас пен Ақжігіт көп алға жылжи қойған жоқ. Бұл күні ерлер арасында Шерзад Қашырбаевтың алғашқы кезеңде үздік төрттікке енуі айтарлықтай оқиға болды. Роман Иванов пен Илдар Батрутдиновтер үздік отыз спортшы санатынан тыс қалды.

Жалпы осыған дейінгі төрт кезең де Рукада (Финляндия) ұйымдастырылды. 11 желтоқсанда өткен үшінші кезеңде Алдабергенова қайта серпілді. Бұл жолы ол жарыс күнін үздік төрттікте аяқтады. Ақжігіт 14 орынға серпіліп, жақсы ілгерілесе, Қалмырзаева бұрынғысынан төрт саты кейіндеді (18 орын). Бір күннен кейін Алдабергенова – 8, Қалмырзаева – 22, Жолдас – 25, Ақжігіт 30-нәтиже тіркеді. Осы көрсеткіштерге қарай отырып, Жанботаның маусымға жақсы кірігіп келе жатқанын байқауға болады. Бейжің олимпиадасы кезінде нағыз бабында болса, Алдабергенова үлкен сенсация жасауы да ықтимал. Ал Ақмаржан соңғы кезде жақсы өсіп келе жатыр. Әлем кубогының әзірге соңғы кезеңінде ғана ол үздік жиырма спортшының сапына ене алмады. Жолдас пен Ақжігітке әлі де тұрақтылық жетпей жатыр.

Ерлер арасында Ш.Қашырбаев үшінші кезеңді – 9, төртінші кезеңді 33 орынмен тәмамдады. Яғни Шерзад та әлі тұрақты өнер көрсете алып жатқан жоқ. Бірақ екі бірдей кезеңде үздік ондыққа енуі бұл спортшының әлеуеті зор екенін байқатады.

Ерлер арасында ресейлік Максим Буровтың дайындығы тастүйін. Ол төрт кезеңде де топ жарды. Әйелдер арасында нақты көшбасшы жоқ. Төрт кезеңде төрт елдің спортшысы ең биік тұғырға көтерілді.

Шорт-трек

Соңғы жылдары даму қарқыны жоғарылап, өз арасынан әлемдік деңгейде мықты спортшылар тәрбиелеп шығарған спорт түрлерінің бірі – осы шорт-трек. Қазақстандық жанкүйерлердің жадынан Нұрберген Жұмағазиев пен Абзал Әжіғалиевтің жетістіктері өше қоймағаны анық. Биылғы маусымды да шорт-трекшілеріміз жақсы бастаған еді. Бейжіңдегі болашақ олимпиаданы қабылдайтын аренада 23-24 қазанда өткен әлем кубогы кезеңінде екі отандасымыз үздік үштікке енді: алдымен Денис Никиша 500 метр қашықтықта қола жүлдегер атанса, араға бір күн салып Әділ Ғалиахметов 1500 метр жарыста күміске қол жеткізді.

Екінші кезең қазан айының соңында Жапонияның Нагоя қаласында ұйымдастырылды. Мұнда да Никиша 500 метрде мәре сызығын үшінші болып кесті. Бірақ содан кейін шорт-трекшілеріміз жеңіс тұғырына көтеріле алмай келеді. Дебрецен (Венгрия, 18-21 қараша), Дордрехт (Нидерланд, 25-28 қараша) қалаларында өткен сындарда ерлер де, әйелдер де табыс биігінен көріне алмады. Әлем кубогының қорытындысында ешбір спортшымыз үздік бестікке ене алған жоқ. Дегенмен бұл жарыстардың бәрін олимпиадаға дайындық кезеңі деп қарастырамыз. 2014 жылғы Сочи олимпиадасынан бері шорт-трекшілеріміз олимпиада жүлдесіне жақындап келе жатқандай көрінеді. Жұлдызды сәт Бейжіңде туындап жатса, еш артық болмас еді.

Шаңғымен жүгіру

Владимир Смирнов, Андрей Невзоров дәуірінен кейін Николай Чеботько мен Алексей Полторанин Қазақстанның туын біраз сында желбіреткен еді. Алайда Чеботько спорттағы ғұмырына нүкте қоя сала, жол апатынан көз жұмды. Полторанин допинг дауына шырмалған күйі хабарсыз. Қазіргі қазақстандық шаңғышылар жанкүйерлерін жуық арада қуанта қоюы да екіталай.

Рукада (Финляндия), Лиллехаммерде (Норвегия), Давоста (Швейцария), Дрезденде (Германия) өткен әлем кубогы кезеңдерінде қазақстандық шаңғышылардың бірде-біреуі үздік 50 спортшы қатарына ене алған жоқ. Виталий Пухкало, Олжас Климин, Евгений Величко, Наиль Башмаков, Иван Люфт сияқты спортшылар олимпиадаға жолдама алған күннің өзінде қара көбейтушілер қатарында қалса, еш таңдана қоймаймыз. Олар жақын-жуықта Йоханнес Клебо, Симен Крюгер, Александр Большунов, Иво Нисканен сияқты серкелерге бәсекелес бола алмайды.

Әйелдер арасында Ксения Шалыгина, Надежда Степашкина, Валерия Тюленева, Ангелинга Шурыга сияқты спортшыларымыз да жаңа маусымда ешбір жарыста үздік отыздыққа енбеді.

28 желтоқсанда Швейцарияның Ленцерхайд қаласында шаңғымен жарысудан «Тур де Ски» көпкүндігі басталады. Бұл сынға Қазақстан атынан Пухкало, Величко, Шалыгина және Шурыга қатысады.

Конькимен жүгіру

Бұл спорт түрі бойынша қазірге дейін әлем кубогының сегіз кезеңі өтті. Әрине, 12-14 қарашада Польшаның Томашов қаласында өткен кезеңде Надежда Морозованың 1500 метр қашықтықта қола жүлде жеңіп алуы сенсацияға тең жаңалық болды. Ұлттық құрама бас бапкері Дмитрий Бабенко пандемияға байланысты әлем кубогы кезеңдерінің де, тіпті кейбір бағдарламалардың да қысқару спортшыларға психологиялық соққы болып жатқанын айтып қалды.

«Олимпиадаға жолдама алған спортшылар тізімі ресми түрде қаңтар айында белгілі болады. Ал қысқы ойындар басталғанша спортшылар елде жаттығу жиынын өткізбекші. Дайындықтың негізгі бөлігін Нұр-Сұлтанда өткіземіз. Сондай-ақ олимпиадаға аттанбас бұрын, елордада бақылау жарыстарын ұйымдастырамыз деген жоспарымыз бар. Жаттығу жиындары жоспар бойынша өтіп жатыр. Спортшыларымыз олимпиадаға бабында бару үшін бар жағдайды жасаймыз», – деді бас бапкер.

Бұл спорт түрінен Канаданың Калгари қаласында өткен төрт құрлық чемпионатында Денис Кузин, Дмитрий Морозов, Екатерина Айдова сияқты спортшылардың топ жаруы да сүйсінтті. Бірақ оларды олимпиада жүлдесінен үміткер деуге бола қоймас.

Биатлон

Екатерина Хрусталева дәуірінен кейін Қазақстан биатлонының жарқ еткен жұлдызды шағы аяқталған сияқты. Жақында ұлттық құрама бапкерлері бұл спорттан ізбасарлар табудың өзі қиын соғып отырғанын айтты. Данил Белецкий, Александр Мухин, Владислав Киреев, Галина Вишневская, Дарья Климина, Анастасия Кондратьева сияқты спортшылар жаңа маусымда жеке жарыстарда да, командалық эстафеталарда да көзге түсе алатын емес.

Есей Жеңісұлы

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер