русский язык
Басқа

Бас бапкер батуттағы гимнастикадан әлем біріншілігін қорытындылады

Бас бапкер батуттағы гимнастикадан әлем біріншілігін қорытындылады

22-29 қараша аралығында Әзірбайжан астанасы Бакуде батуттағы гимнастикадан жастар арасындағы әлем чемпионаты өтті. Аталған сын Қазақстан командасы үшін сәтті аяқталды. Себебі, біздің спортшылар екі алтын медаль жеңіп алған болатын. 11-12 жас аралығында спортшылар бәсекесінде оралдық Ислам Қабдолов жеңіске жетсе, 17-21 жас аралығында санатта Роман Барков пен Игорь Грачев алтыннан алқа тақты. Осы орайда, команда бас бапкері Сергей Вертянкин Olympic.kz сайтына сұхбат беріп, әлемдік додаға қатысты өз пікірін айтты.

«Әзірбайжандағы әлемдік додаға 15 спортшы апардық. Атап айтар болсақ, Қарағанды, Өскемен, Орал және Петропавл қаласының гимнастары ел намысын қорғады.

Алғашқы медальді оралдық Ислам Қабдолов жеңіп алды. Ол жекелей сында барлық қарсыласынан басым түсіп, алтынға қол жеткізді.

17-21 жас аралығындағы спортшылар арасынан Барков пен Грачев суырылып шықты. Олар синхронды секіруден өте жақсы нәтиже көрсетті. Негізі, біздің әр спортшымыздың медальға таласатын мүмкіндігі болды. Көпшілігі жартылай финалға дейін сүрінген жоқ. Қыздарымызға медаль алу үшін сәл шеберлік жетпей қалды. Бәрінің де жеңіске деген жігері мықты», - дейді бас бапкер.

Сондай-ақ, Вертянкин әлем чемпионатындағы басты қарсыластарға да тоқталды.

«Әрине, батуттағы гимнастикадан азулы қарсыластарымыз өте көп. Әсіресе, Беларусь, Жапония, Қытай, Ресей спортшыларының қарқыны қатты. Олар аталған әлемдік сындағы жүлделердің басым бөлігін жеңіп алды. Біздің қарсыластардан үйренетін тұсымыз да көп», - деді жаттықтырушы.

Батуттағы гимнастикадан Қазақстан командасы үшін биылғы маусымдағы жарыстар тізбегі осымен аяқталды. Енді олар алдағы маусымға дайындалады.

«2021 жылғы арналған күнтізбедегі жарыстар тізбегі осымен тәмам. Келесі әлем чемпионаты Болгарияның Софья қаласында өтеді. Біздің командамыз өте жас. Соған қарамастан, әлемдік деңгейде медальға таласатын мүмкіндігіміз бар. Бізге енді дайындықты күшейтіп, кемшін тұстарымызды жақсарту керек», - дейді Вертянкин

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;