русский язык
Басқа

Әлем чемпионатында 4 қазақстандық каратэші қола медаль үшін таласады

Әлем чемпионатында 4 қазақстандық каратэші қола медаль үшін таласады

Қазір Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Абу-Даби қаласында каратэден (WKF) 25-ші әлем чемпионаты өтіп жатыр. Ертең жартылай финал мен ақтық сын жекпе-жектері басталады.

Татами төрінде әйелдер арасында Мөлдір Жаңбырбай (50 кг дейін) украиналық Крива Катеринамен, Софья Берульцева (68 кг дейін) сербиялық Ивана Перовичпен, ерлер арасында Қайсар Алпысбай (60 кг дейін) морокколық Абдель Али Джинамен, Нұрқанат Әжіқанов (75 кг дейін) бельгиялық Квентин Махауденмен шығып, қола медаль үшін күреседі.

Абу-Дабидегі әлем чемпионатына 117 мемлекеттен келген мыңнан астам спортшысы ката және кумите бағдарламасында жүлдеге таласып жатыр.

Айта кетейік, бұл чемпионатқа Қазақстан құрамасы тек кумите бағдарламасында 10 спорты апарды. Олар: Мөлдір Жетібай (50 кг), Сабина Захарова (55 кг), Қайсар Алпысбай (60 кг), Николь Ценгель (61 кг), Әсел Қанай (68 кг), Софья Берульцева (+68 кг), Дидар Әмірәлі (67 кг), Нұрқанат Әжіқанов (75 кг), Игорь Чехмарев (84 кг) және Данияр Юлдашев (+84 кг).

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейінгі 24-ші әлем чемпионаты (2 жылда бір өтеді) 2018 жылы Испания астанасы Мадридте өткен. Сол бәсекеде Қазақстан құрамасына жалғыз жүлдені Дархан Асаділов алып келді. 60 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Дархан финалда жапониялық Наото Сагоға есе жіберді.

Биыл Токиода каратэ алғаш рет Олимпиада бағдарламасына қосылып, екі бағдарламада (ката, кумите) 8 жүлде жиынтығы сарапқа салынды. Қазақстан құрамасы сапынан Дархан Асаділов пен Софья Берульцева қола медальге ие болды. Нәтижесінде Қазақстан бұл спорт түрінде медаль жеңіп алған 20 елдің ішінде 14-орынға тұрақтады. Каратэ алдағы Париж Олимпиадасының бағдарламасынан тыс қалды.

Түпнұсқасы: gov.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;