Қысқы

Шорт-трекшілер Нагоядағы әлем кубогына аттанды

Шорт-трекшілер Нагоядағы әлем кубогына аттанды
news-banner7
mobile-news-top

Шорт-тректен Қытайдағы әлем кубогі кезеңі аяқталған бойда, қазақстандық шорт-трекшілер Жапонияны бетке алды. Бейжіңдегі бәсекесінің ізін суытпай, Нагояда әлем кубогінің екінші кезеңі басталады деп хабарлайды Olympic.kz.

Шорт-трекшілер үшін биылғы маусымның маңызы өте зор. Қазанның екінші жартысында 2022 жылдың ақпанында өтетін қысқы Олимпиадаға іріктеу турнирлері ресми түрде бастау алды. Пандемияға байланысты былтырғы ресми жарыстардың бәрінен сырт қалған спортшылар үшін бұл үлкен сынақ екені белгілі. Өйткені, ұзақ үзілістен кейін кімнің қарқыны қандай екенін де дәл осы лицензиялық турнирлер көрсетпекші.

Қазақстан командасы үшін алғашқы бәсеке ойдағыдай аяқталды. Бейжің айдынында біздің спортшылар үш рет финалға шығып, екі медаль жеңіп алды. Алдымен 1500 метрдегі тарихи жүлдеге тоқтала кетейік. Қазақстан командасы бұған дейін 1000 және 500 метрге жарысудан әлем кубогі кезеңдерінде жүлдеге іліккен болатын. Ал 1500 метрде кубоктік додаларда көзге түскеніміз алғаш рет.

23 жастағы оралдық спортшы Әділ Ғалиахметов 1500 метрге жарысудан күміс жүлде жеңіп алды. Аталған қашықтықтағы финалдық сында Олимпиаданың үш жеңімпазы жарыс жолына шықты. Атап айтар болсақ, эстафетадан 2018 жылғы Пхенчхан Олимпиадасының чемпиондары Лю Шаолинг пен Лю Шаоанг және Сочи Олимпиадасының жеңімпазы Семен Елистратов жүлдеге таласқан болатын. Сондай-ақ, 1500 метрде қысқы универсиада жеңімпазы атанған Ан Кай да қатарда болды.

Әлемдік жарыстарда айтарлықтай жеңісі жоқ Әділ бұл сында өзін сенімді ұстады. Ең соңына дейін қарсыластардың шамасын бақылап, соңғы айналымда ресейлік Елистратовтың соңына түсті. Мәре сызығын екінші боп кескендегі Әділдің қуанышын бәріміз де көрдік. Ол чемпион атанған ресейлік спортшымен құшақтасып, қуанышын жасыра алған жоқ. Ғалиахметов Қазақстан командасымен бірге тап осы Семен Елистратов атындағы спорт кешенінде жаттыққан болатын.

«Екінші орын иеленгеніме өте қуаныштымын. Бұл менің ғана емес, бүкіл команданың, Қазақстанның жеңісі. Мұнымен босаңсып қалмаймыз. Алда әлем кубогінің үш кезеңі бар. Соның қорытындысы бойынша Олимпиада жолдамасы сарапқа салынады. Демек, бар қызық әлі алда", - деді Әділ жарыстан соң.

Кейін 1000 метрге жүгіруден финалда сынға түскен Ғалиахметов жарысты бесінші орынмен аяқтады.

Команданың екінші жүлдесін тәжірибелі спортшы Денис Никиша иеленді. Соңғы екі жылдан бері әлемдік додаларда көп көзге түспеген Дениске бұл медаль үлкен серпіліс әкелгені рас.

500 метрге жүгіруден басты екі қарсыласы - Қытай және Канада спортшылары жарыстан шеттетілген соң, Денистің жүлдегерлер қатарында болатыны айдан анық еді. Десе де, біздің спортшы тәуекелге бармай-ақ, алдындағы екі венгр спортшысына шабуыл жасамай-ақ, қола жүлдені қанағат тұтты.

"500 метрге жүгіруден қола жүлдегер атандым. Олимпиадаға жолдама беретін лицензиялық жарыста жүлделі орын алу үлкен жетістік.

Бұл менің ғана емес, бүкіл команданың ортақ жеңісі. Келесі кубоктік жарыстарда да барымызды саламыз.

Бізге қолдау көрсетіп жатқан басшылыққа, бапкерлерге, Ұлттық олимпиадалық комитетке көп рахмет. Алға, Қазақстан", - деді Денис.

Команда үздіктерінің бірі Абзал Әжіғалиев тек қана 500 метрде бақ сынаған болатын. Өкінішке қарай, екі рет ескерту алып, жүлдеге таласу құқығынан айырылды.

Сондай-ақ, шорт-трекші қыздар бәсекесі мен эстафеталық жарыстарда Қазақстан командасының мықтылармен иық тірестіруі әлі де қиынға соғуда. Бас бапкер алдағы кубоктік додаларда спортшылар бар күшін салатынын тағы да ескертті.

Нагоядағы әлем кубогінің екінші кезеңі 28-31 қазан аралығында өтеді. Қалған екі кезең Нидерланд және Германияда ұйымдастырылады.

Ал Бейжің Олимпиадасына жолдама алған спортшылар тізімі желтоқсан айында белгілі болады.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер