Ауыр атлетика

Альберт Линдердің інісі бапкерді айыптап, тағы бір жазба жариялады

Альберт Линдердің інісі бапкерді айыптап, тағы бір жазба жариялады
news-banner7
mobile-news-top

Қаза тапқан ауыр атлет Альберт Линдердің інісі Семен Линдер ауыр атлетика бойынша Қазақстан ерлер құрамының аға жаттықтырушысы Сергей Седовты физикалық және психологиялық қысым көрсетті деп айыптап, жазба қалдырды.

"Ағамды қайтара алмаймыз. Бірінші кезекте оқиғаның мән-жайын түсінбеген адамдарға жеткізгім келеді. Седов – көптеген спортшылардың өмірі мен психикасын бұзған жаттықтырушы. Ол балаларды ұрып, қорлап, көптің көзінше балағаттайтын. Әлі күнге дейін өзгелер арқылы қоқан-лоққы көрсетіп келеді. Қорқытып, ақшаны тартып алатын, өз арамызда сөйлесуге тыйым салды", – деп жазды ол өз парақшасында.

Оның сөзінше, жаттықтырушы өзгелердің алдында сыпайы болып көрінгенімен, тәрбиеленушілерімен қарым-қатынасы бөлек болған.

"Неліктен шыдап, үндемей келдік дейсіз ғой? Біз ол уақытта үйде емес, спорт мектеп-интернатында оқыдық: сонда білім алып, жаттықтық. Артқа қайтар жол болмады, себебі ата-анамызға масыл болғымыз келмеді. Керісінше, көмектесуге тырыстық. Біз мұны сол уақытта-ақ түсінгенбіз", – деп қосты Семен Линдер.

Ол үйлері мектеп-интернаттан 10 минуттық жерде болса да, денедегі соққы іздерін ата-аналарына көрсетпеу үшін айлап үйге қайтпағанын айтады.

"Егер зілтемірді құлатып алсақ, бірден ұратын. Жазаламайтын, ұратын. Ол барлық нәрсе үшін соққыға жығып, балағаттайтын. Ата-анамызға барлығы жақсы деп айтатынбыз. Ол кезде түсінік те бөлек еді", – деп қосты Семен Линдер.

Ол ағасының өліміне ешкімді себепсіз кінәламайтынын айтты.

"Біздің көздейтініміз – әділдік. Кінәлілер жауапқа тартылуы керек. Альберт тек әділдікті қалады. Ол адал болатын. Өз арманына жету үшін лас істермен айналыспай, бірден бас тартатын еді. Тағы да қайталаймын: ағамды қайтара алмаймыз! Бірақ болашақ ұрпақ үшін барлығын өзгертуге болады. Мен сіздерді жағдайды түсініп, қолдау көрсетеді деп үміттенемін", – деп аяқтады Семен Линдер.

Түпнұсқасы: stan.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер