«Токио артта қалды, енді Парижге дайындаламыз»: Спорттық гимнастикадан бас бапкер алдағы жоспарларымен бөлісті
Қазақстанның және әлемнің спорт жаңалықтарына жазылыңызСпорттық гимнастикадан Қазақстан командасының бас бапкері Александр Ким команданың дайындық кезеңіне тоқталып, әлем чемпионаты қарсаңындағы басты мақсаттарын атады деп хабарлайды Olympic.kz.
«Қыркүйек айында спортшылар әлем кубогінің екі кезеңіне қатысты. Бір бәсеке Словенияның Копер қаласында, екіншісі Түркияның Мерсин қаласында өтті.
Копердегі жарысқа әлемнің 30 елінен 150 гимнаст қатысқан болатын. Қазақстан атынан Фарух Набиев бақ сынап, қоссырықтағы жаттығу бойынша күміс медаль иеленді. 14,350 ұпай оның ең үлкен жетістіктерінің бірі.
Осы көрсеткіші арқылы Фарух Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын иеленіп, отандық гимнастиканың мәртебесін арттырып отыр. Өкінішке қарай, Түркияда өткен кубоктік кезеңде Набиев «хейли» элементін орындау кезінде қателік жіберіп, төмен ұпай алып қалды», - дейді бас бапкер.
Команда жаттықтырушысы Түркияда көзге түскен Милад Каримидің жетістігіне де тоқталды.
«Нариман Курбанов карантинде болғандықтан, Мерсиндегі жарысқа Милад Каримиді жібердік. Ол Токиодағы Олимпиада ойындарынан кейін толығымен қалыпқа келген жоқ. Сондықтан, әлем кубогінің іріктеу кезеңінде ол сәтсіздікке ұшырады. Қоссырықтағы жаттығудан құлады, еркін жаттығуда екі рет кілем сыртына шығып кетті. Мұның бәрі финалға өту үшін үлкен кедергі еді.
Алайда, қол тіреп секіруден Милад 21 спортшының ішінен төртінші орынмен, гимнастикалық кермедегі жаттығуда 23 гимнастың ішінен алтыншы орынмен финалға өтті. Ақтық сында Карими өз шеберлігін көрсетіп, 14,450 ұпаймен күміс медаль жеңіп алды», - дейді Ким.
Бас бапкердің айтуынша, спорттық гимнастикадан Қазақстан командасы бес жылға созылған олимпиадалық циклді аяқтап, Париж Олимпиадасына дайындықты бастайды.
«Соңғы үш жылда біз Азия чемпионаты, жазғы Универсиада және әлем кубогі кезеңдерінен 2 алтын, 15 күміс және 5 қола медаль жеңіп алдық. Әлемде пандемия болғанын ескерсек, бұл жақсы нәтиже. Қазақстандық гимнастарды бәрі тани бастады, қарсыластар санаса бастады. Милад Каримидің Токио Олимпиадасындағы көрсеткішін спорттық гимнастикадан тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең үздік нәтиже деп атауға болады.
Енді 2022 жылы ұлттық құрамаға жаңа спортшыларды шақыруды көздеп отырмыз. Олар – Роман Маменов, Эмиль Ахметжанов, Асан Салимов. 2022 жылдың қазанында әлем чемпионаты өтеді. Біздің мақсатымыз – Қазақстан командасы 2023 жылы өтетін лицензиялық әлем чемпионатына толық құраммен қатысатындай өнер көрсету. Сол себепті, келесі жылғы әлемдік додада бізге сәтті өнер көрсету керек.
Ол үшін бізге жаттығуды күшейтіп, жаттығу базасының мәселесін шешу керек. Себебі, спортшылар жеке базаның жоқтығынан ірі жарысқа аттанар кезде шетелде оқу-жаттығу жиынын өткізуге мәжбүр», - дейді Александр Ким.