Ауыр атлетика

Альберт Линдердің бапкері өзіне тағылған айыпқа жауап берді

Альберт Линдердің бапкері өзіне тағылған айыпқа жауап берді
news-banner7
mobile-news-top

Марқұм зілтемірші Альберт Линдердің бауыры тосын мәлімдеме жасады. Айтуынша, ауыр атлет ағасының өзіне қол жұмсайтындай күйге түсуіне жаттықтырушысы себеп болған. "Қиын-қыстау кезде қолдаудың орнына шәкіртіне қолын бір сілтеді, былығы көп" дейді ол.

Бұл айыпқа қатысты жаттықтырушы Сергей Седов өзі пікірін білдірді, деп хабарлады КТК.

Ал Қазақстанның ауыр атлетика федерациясы тексеру жүргізбекші. Ағасымен қоса оның қол жеткізген медальдарын жерге көміп, үстінен аяқпен таптау Семенға оңай емес. Бірақ Альберттің жеке бапкері Қазақстан құрамасының аға жаттықтырушысына деген жанайқайын осылай жеткізуді жөн көргендей.

Инстаграмда жариялаған жазбасында ол Сергей Седовты айыптайды.

"Қазақстан құрмасының жаттығуында жүргенде қалай қиналғанын көрдім. Бес күн бойы нәр татпай жаттығу жасағанына бәрі куә. Оған ешкім көмектескісі келмеді. Қолын сындырып алған кездің өзінде жалғыз өзін үйге жіберген. Осының бәрін жасап отырған адам оның жеке бапкері әрі Қазақстан құрамасының аға бапкері. Ол адам емес. Спортта жүрмеуі керек. Балаларды жаттықтырмауға тиіс".

Спорт жолындағы кедергілер бауырының сағын сындырды деген Семен: "Саладағы былықты бәрі білгенмен, айтуға батылы жетпей жүрген" - дейді. Ал әлеуметтік желідегі айыптауды Сергей Седов салқын қабылдады. Шәкірті Альберттің қазасы оның да қабырғасына батқан. Айтуынша, Рио олимпиадасының алдында тапсырған соңғы допинг тестің оң нәтиже көрсетуі Альбертті қатты күйзеліске түсіріпті.

"Екеуміз жиі әңгімелесетінбіз. "Спорттан кетіп жұмыс істегім келеді, Рио олимпиадасындағы жолды қайта жүріп өткім келмейді" дейтін. Оның бала кезден тағдыры қиын болды. Сырын менімен бөлісетін. Туыстарын мені айыптады деп кінәламаймын. Қайғыдан қара жамылып отыр. Бәрін түсінемін", - деді Сергей Седов.

Семен Линдер ағасының медалін көмгеннен кейін ауыр атлет Михаил Макеев те іле-шала бір уыс медалін қоқысқа тастады.

"Жарыстарда жаттығып тер төккенім өз халқым үшін емес, өзге адамдардың кірісі үшін екен. Бұның маған енді қажеті жоқ".

Ауыр атлетика федерациясы тағылып жатқан айыпқа қатысты әңгімені қысқа қайырды.

"Қазақстан Ауыр атлетика федерациясы бұл істі бақылауға алуға және әрбір айыптау бойынша тексеріс жасауға ниетті. Жақын арада федерация әрбір атлетпен байланысып, ішкі тергеу жүргізеді. Оның қорытындысы туралы қосымша хабарланады", - деп хабарлады Ауыр атлетика федерациясы.

Үлкен спорттан кеткен атлеттің далада қалғандай күй кешіп, психологиялық көмекке зәру болатынын зілтемірші Илья Ильин де айтып отыр. Ал қазір ұлттық құрама сапындағы еңбек өтілі 20 жылға жетпесе, зейнетақы төленбейді екен. Сондықтан бұл мәселені қайта қарау қажет дейді Ильин.

"Біз 20 жылды 10 жылға қысқартуды ұсынып отырмыз. Әскерилердің жұмыс өтіліндей есептелсе дұрыс болады. Халықаралық деңгейдегі жарыстарда топ жарған спортшыларға зейнетке шыққаннан кейін сыйақы, зейнетақы төленуі керек. Сонда ғана олардың сағы сынбайды. Өздерін қоғамға керексіз сезінбейді. Мемлекет тарапынан кешенді көмек қажет", - дейді әлем чемпионы Илья Ильин.

Ауыр атлетика саласындағы проблемалар Альберт Линдердің өлімінен кейін қоғамда қызу талқыға түсті. Зілтемір көтеруден жасөспірімдер арасындағы әлем және Азия чемпионы осыдан үш күн бұрын көз жұмды. 25 жастағы атлеттің қазасына байланысты Қылмыстық кодекстің 105-бабы, яғни өз-өзіне қол салуға жеткізу бабымен іс қозғалған.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер