Дзюдо

Мұратбек Қыпшақбаев: Елдостың қоласы алтынмен тең!

Мұратбек Қыпшақбаев: Елдостың қоласы алтынмен тең!
news-banner7
mobile-news-top

Дзюдодан Азия чемпионы, Афины Олимпиадасының қатысушысы Мұратбек Қыпшақбаев Токиода қола жүлде алған Елдос Сметовтың өнеріне қатысты пікір білдірді.

– Елдос Қазақстанның Олимпиадаға үкілеп жіберген спортшыларының бірі. Олимпиадада одан қандай нәтиже күттіңіз?

– Әр жанкүйер спортшының жеңіске жетіп, алтын алғанын қалайды. Елдос бірінші жекпе-жектен өзіне сенімді болды. Осы сенімділігіне қарап алтын алады деп ойладым. Шыны керек, ол Риомен салыстырғанда осы жолы мықты күресті. Не деген сенімділік, не деген құштарлық. Жартылай финалда "міне, алтын алады, міне, жеңеді" деп іштей ойлап отырдым. Өкінішке қарай, жеңіліп қалды. Өте ауыр айқас болды. Екеуі де шаршады. Өздеріңіз көрдіңіздер, жекпе-жектен соң сол кешенде болған көрермендер, спортшылар екеуіне ұзақ қол шапалақтап, құрмет көрсетті. Бұл бекер емес. Елдосымыз алтынға лайық болды. Дегенмен Елдостың қоласы біз үшін алтын, Елдостың қоласы алтынмен тең!

– Жанкүйерлер финалған балаған Такатоға қарсы жартылай финалдық жекпе-жек жайлы не айтасыз?

– Елдостың айқастарын кешіктіріп көрдім. Өйткені елде ешбір арна көрсетпеді. Интернеттен іздеп, сайттардан бақылап отырдық. Жасыратыны несі бар, көрші өзбектің арна-сайттарын шарлап кеттік.

Екеуін айқасқа шығар алдында бақылап отырдым. Такатоның көзінен бойында үрей бар екенін, қорқынышпен шыққанын көрдім. Ал Елдос өзіне сенімді болды, жеңіске жететініне күмән келтірмеді.

– Елдос көп шабуылдады, алда жүрді. Соңында әдіс жасаймын деп түсіп қалды. Тактика дұрыс болды ма?

– Жекпе-жектің соңына қарай екеуінде екі ескертуден болды. Бұл өте қауіпті. Оның үстіне, жапон жерінде өтіп жатқандықтан Елдос күреспей қойса, үшінші ескертуін беріп, кездесуді тоқтата салуы бек мүмкін еді. Ол тәжірибелі спортшы. Мұндай сәтте құр тұрмау керегін, тәуекелге барып, әдіс жасау керегін жақсы біледі. Егер әдіс жасамай жүргенде үшінші ескерту алып, жеңілер ме еді. Одан да "достойно" жеңілгені дұрыс. Елдос әдіс жасап, талпынды. Алайда соңына жетпей өзі түсіп қалды. Елдостың тартыншақтамай, шабуылға шығып, әдіс жасағанын батырлыққа балаймын. Не дегенмен Такато мықты спортшы, үш дүркін әлем чемпионы. Оған қоса өз жерінде күресті.

Токиодан Prosports.kz тілшісі Айбар Рысдәулет

Фото: AP/Vincent THIAN

Түпнұсқасы: Prosports.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер