Грек-рим күресі

Демеу Жадыраев: Соңғы әлем және Еуропа чемпионатын ұту үлкен тәжірбие

Демеу Жадыраев: Соңғы әлем және Еуропа чемпионатын ұту үлкен тәжірбие
news-banner7
mobile-news-top

Грек-рим күресінен Түркияның Стамбул қаласында өткен халықаралық турнирде қазақстандық Демеу Жадыраев күміс жүлдегер атанды. Олимпиада алдындағы маңызды турнирден медаль алу Демеудің бұл салмақта Токио ойындарына қатысу мүмкіндігін арттырғаны рас. Алайда, соңғы шешімді бапкерлер құрамы анықтайды. Осы орайда, Olympic.kz балуанның жарыстан кейінгі әсері мен әлем чемпионын ұтқаннан кейінгі ой-пікірін назарларыңызға ұсынады.

«Турнир мен үшін сәтті өтті деп айта аламын. Өйткені, Олимпиада қарсаңындағы жарыс болған соң, әлемнің үздік деген балуандары жиналды. Олардың қатарында 77 келіге дейінгі салмақтағы әлем және Еуропа чемпионы, венгриялық Тамаш Лоренц те бар. Шыны керек, Тамашпен кездесіп, оны жеңу мен үшін үлкен тәжірибе болды.

Бұл салмаққа жақында ауысқандықтан, мұндағы көптеген балуандармен әлі жолым түйіспеген еді. Тамаш өте мықты спортшылардың қатарында, 77 келіге дейінгі салмақтың көш басында тұр. Онымен кездесіп қана қоймай, жеңіп кету менің тәжірибемді одан әрі толыстырғаны анық», - дейді Демеу.

Сондай-ақ, Жадыраев финалдық жекпе-жекте не үшін ұтылғанын да түсіндірді.

«Өзімді финалда жеңілдім деп ойламаймын. Өйткені, есеп тең аяқталды да, төрешілер жеңісті қарсыласыма берді. Бірақ залдағы жанкүйерлер де, бапкерлер де менің жеңілмегенімді айтып, қолдау көрсетті. Түрік балуанын бұрын да көріп жүргенмін. Әлеуетті, күші көп қарсыластардың бірі. Дегенмен, Токио қарсаңында осындай ірі жарыстан жүлдемен оралғаным қуантады», - дейді ол.

Сөз соңында Демеу Олимпиадаға бару мүмкіндігін бағамдап, бапкерлер мен командаластарына алғыс айтты.

«Менің салмағымда Олимпиадаға нақты кімдер баратынын білмеймін. Бұл бапкерлердің құзырындағы нәрсе. Біздің қолымыздан тек қана күресу және нәтиже көрсету келеді. Токиоға кім барса да, еліміздің байрағын биік көтеріп қайтса болғаны. Осы орайда, барлық бапкерлер мен команда мүшелеріне алғыс айтамын. Қаншама қиын кезеңдерде бір-бірімізге қолдау көрсетіп келе жатырмыз. Бұл спортшы үшін өте керек нәрсе», - дейді Жадыраев.

Айта кетелік, Демеу Жадыраев 2017 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Биыл Алматыда өткен Азия чемпионатында 77 келіге дейінгі салмақта қола жүлдегер атанды

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер