Бокс

Мəдениет жəне спорт министрі бокстан АЧ жеңімпаздарын құттықтады

news-banner7
mobile-news-top

Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Азия чемпионатында жеңімпаз атанып жəне жүлдегерлер қатарынан көрінген спортшыларды қабылдады.

Кездесуге құрлықтық додада бас жүлдені олжалаған Валентина Хальзова, Лəззат Күнгейбаева, Римма Волосенко, күміс жүлдегер Василий Левит, қола жүлдегер Марина Вольнова, ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев, Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры Маратбек Мықтыбеков қатысты.

Ақтоты Райымқұлова былғары қолғап шеберлері мен федерация өкілдерін Азия чемпионатындағы жетістігімен құттықтай келе, алдағы Токио Олимпиадасы қарсаңындағы дайындық жұмысының барысымен танысып, боксшыларға сəттілік тіледі.

«Байрақты бəсекеде тарихы терең, өзіндік дәстүрі қалыптасқан қазақ бокс мектебі әлем мойындаған мықтылар ордасы екенін тағы бір мəрте паш еттіңіздер. Алдағы уақытта да шаршы алаң төрінде ысылған спортшы ретінде талай сында тұғырлы көк байрағымызды биікте желбіретіп, айбарлы əнұранымызды шырқата беретіндеріңізге сенемін», – деді министр.

Өз кезегінде федерация басшылығы Маратбек Мықтыбеков Олимпия ойындарына дайындық жұмысы кестеге сай өтіп жатқанын, боксшылар қауіпсіздігін басты назарда ұстайтынын, ал спортшылар Олимпиадаға сақадай сай екенін жеткізді.

Айта кетейік, Азия чемпионатында 20 салмақта бақ сынаған Қазақстан құрамасы 8 алтын, 6 күміс, 2 қола медаль жеңіп алды. Ал Қазақстан əйелдер құрамасы 10 салмақтың 8-інде алтын алып, Азия рекордын жаңартты.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер