ММА

«Мұнда алғашқы кәсіпқой жарыстарымды өткіздім». Дамир Исмағұлов қолдау көрсеткен қазақстандықтарға алғыс айтты

«Мұнда алғашқы кәсіпқой жарыстарымды өткіздім». Дамир Исмағұлов қолдау көрсеткен қазақстандықтарға алғыс айтты
news-banner7
mobile-news-top

Бүгін БҚО әкімі Ғали Есқалиев ММА әлеміндегі ең ірі промоушен - UFC аясында өнер көрсететін файтер Дамир Исмағұловпен кездесті, деп хабарлайды Prosports.kz.

Жақында қазақстандық тарап спортшыға АҚШ-қа виза алуға көмектескен, соның арқасында Ресейде тұратын этникалық қазақ биыл 23 мамырда Лас-Вегаста өткен UFC FN 188 турниріне барып, жеңіске жеткен еді. Бұл спортшының кәсіпқой мансабындағы жиырмасыншы жеңісі болды.

Дамир Исмағұлов Қазақстанда, оның ішінде БҚО-да өте танымал. Спортшы октагонға әрқашан екі жалаумен шығады және Қазақстанды өзінің туған елі деп санайды.

- Ең алдымен, сізге АҚШ визасын алуға көмектескеніңіз үшін алғыс айтамын. Сыртқы істер министрлігі мен Мәдениет және спорт министрлігіне де рақмет, - деді Дамир Исмағұлов облыс әкімімен әңгімесінде.

Спортшы UFC-дегі төртінші жеңісіне қол жеткізді. АҚШ-тың Невада штатындағы Лас-Вегаста өткен UFC Vegas 27 турнирінде жеңіл салмақта өнер көрсететін 30 жастағы файтер промоушеннің бразилиялық дебютанты Рафаэль Альвесті жеңіп, бұрын Қазақстан жалауын мазақ қылғаны үшін есе қайтарған еді.

- Мен UFC басшылығынан осы жекпе-жекті міндетті түрде ұйымдастыруды сұрадым, олар мені естіді. Жеңілістен кейін бразилиялық файтер өзінің қателігін мойындап, «I love Kazakhstan» деді. Орал - менің туған қалам. Мұнда мен алғашқы кәсіпқой жарыстарымды өткіздім, - деді спортшы.

- Бүгін - Қазақстанда Мемлекеттік рәміздер күні. Сіз Ресейдің де, Қазақстанның да байрағы астында өнер көрсетіп жүргеніңіз қуантады. Осылайша, сіз Қазақстанды халықаралық спорт аренасында дәріптейсіз, біздің мемлекеттік рәмізімізді бүкіл әлемге танымал ете түсесіз, - деді Ғали Есқалиев.

Облыс әкімі спортшыны жеңісімен құттықтап, спорттық карьерасында табыс тіледі. Дамир Исмағұлов, өз кезегінде, облыс әкіміне жеке қолтаңбасы қойылған UFC жейдесін сыйға тартты.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер