Басқа

Қазақстан құрамасының каратеден Париждегі лицензиялық турнирге қатысатын құрамы белгілі болды

Қазақстан құрамасының каратеден Париждегі лицензиялық турнирге қатысатын құрамы белгілі болды
news-banner7
mobile-news-top

11-13 маусым күндері Франция астанасы Парижде каратэден Токио Олимпиадасы қарсаңындағы соңғы лицензиялық турнир өтеді. Төртжылдық додасына жолдама тарататын соңғы жарыста Қазақстан командасы бес салмақ дәрежесінде сынға түседі. Сондай-ақ, катадан екі спортшымыз іріктеу додасында бақ сынайды. Бұл туралы команданың аға жаттықтырушысы Дулатбек Құсбеков мәлімдеді деп хабарлайды Olympic.kz.

Әзірге Қазақстан командасының еншісінде Олимпиаданың бір жолдамасы бар. 67 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Дархан Асаділов мерзімінен бұрын лицензия иегері атанған болатын. Ол әлемдік рейтингтегі үздік орны үшін Токио мәселесін былтыр шешіп тастады. Ал қалған спортшылар Париждегі іріктеу сынында өнер көрсетеді.

Лицензиялық турнирге қатысатын спортшылар:

Ерлер:

75 келіге дейін: Нұрқанат Әжіқанов

75 келіден жоғары: Данияр Юлдашев

Ката: Мәди Қатешов

Қыздар:

55 келіге дейін: Мөлдір Жаңбырбай

61 келіге дейін: Сабина Захарова

61 келіден жоғары: Софья Берульцева

Ката: Лия Қошқарбаева

«Париждегі лицензиялық турнирінде орын аламыз деген ойдамыз. Өйткені, спортшылар аталған сынға кезең-кезеңімен жаттығып, қазір бабына енді. Карантиннен кейін оңай болған жоқ. Десе де, жаттығу жиындарының арасын тым жиілетіп, жарысқа жіті дайындалуға кірістік.

55 келіге дейінгі салмақта ел намысын Мөлдір Жаңбырбай қорғайды. Ол әлемдік рейтингте 14-ші орында тұр. 61 келідегі Сабина Захарова әлемдік рейтингте 13-ші, 61 келіден жоғары салмақтағы Софья Берульцева 3-ші орында тұр.

Ерлер арасында Олимпиада бағдарламасына енген үш салмақтың бірінде жолдамамыз бар. Дархан Асаділов олимпиадалық рейтинг бойынша бірінші орынға ие болып, мерзімінен бұрын жолдама мәселесін шешіп қойды.

75 келіге дейінгі салмақта команда үздігі Ермек Айназаровқа сенім артқанбыз. Алайда, жаттығу кезеңінде жарақат алғандықтан, ол осы бәсекеден сырт қалғалы тұр. Ермек Азиядағы рейтингте көш бастап келеді. Сол себепті, оның құрлықтық квотадан үміті бар. Бұл салмақта жас спортшы Нұрқанат Әжіқановқа сенім артып отырмыз.

75 келіден жоғары салмақта біздің екі спортшымыз да үздік саналады. Бәсекелестік жоғары. Данияр Юлдашев әлемдік рейтингте 5-ші, Игорь Чехмарев 7-ші орында. Екеуінің арасынан таңдау жасау оңай болған жоқ. Бірақ Юлдашевтің соңғы кездегі нәтижесі де, рейтингтегі орны да жоғары болғандықтан, Парижге Данияр барады деп шештік.

Жалпы, каратэ Олимпиада ойындарының бағдарламасына жаңадан еніп отыр. Бір салмақта он спортшы ғана бақ сынай алады. Он орынның біреуі жарысты қабылдаушы мемлекет ретінде Жапонияға беріледі. Тағы бір жолдаманы әр құрлықтағы дамушы елдер алады. Сондықтан, мұндағы тартыс өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Парижде әрбір спортшы 7-8 кездесу өткізеді. Жолдаманы алғашқы үштікке енген спортшылар алады», - дейді аға жаттықтырушы Дулатбек Құсбеков.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер