Басқа

Ақтөбенің 152 жылдығына орай спорттық жарыстар өтті

Ақтөбенің 152 жылдығына орай спорттық жарыстар өтті
news-banner7
mobile-news-top

28 мамырда Ақтөбе қаласына 152 жыл толды. Осы датаға орай спорттың бірнеше түрінен жарыс ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қобыланды батыр орталық стадион алаңында жұмысшы жастар жарысқа түсті.

«Жұмысшы жастар үстел теннисінен өткен жарысқа қатысты. Бәрі түрлі салада еңбек етіп жүрген замандастарым. Жалпы жарыста 30 ер, 10 әйел бақ сынады», - деді қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Нұрсұлтан Қалдыбай.

Сонымен бірге тоғызқұмалақ, дойбыдан сайыс ұйымдастырылды. Қала біріншілігіне 9 жасқа дейінгі және 11 жасқа дейінгі балалар қатысты.

«Жарыс айналма жүйесі бойынша өтті. Балалардың бәрі де арнайы үйірмеге қатысып, тәжірибе жинағаны көрініп тұр. Балалар мен жасөспірімдер үшін мұның пайдасы мол. Әсіресе олар жат қылықтан, есірткі, темекіден аулақ жүреді деп сенеміз», - деді қала тұрғыны Қанат Жұбанышев. Тоғызқұмалақтан өткен біріншілікте 11 жасқа дейінгі ұлдар арасында І орынды Аян Аймақ, қыздар арасында Айзере Абдина иеленді.

Ал Тұңғыш Президент атындағы саябақта таэквондодан турнир өтті. Оған балалар мен жасөспірімдер қатысты.

«Қала күніне арналған турнирге 182 бала қатысты. Олар 15 салмақ дәрежесі бойынша күш сынасты. Қалалық жарыста жеңімпаз атанғандар облыстық біріншілікке қатысады», - деді бапкер Тәуекел Әліпбаев.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер