Тимур Сегізбаевты еске алу турнирінен фоторепортаж

Тимур Сегізбаевты еске алу турнирінен фоторепортаж
news-banner7
mobile-news-top

Тимур Сегізбаевтың 80 жылдығына орай ұйымдастырылған жолдастық матч 3:3 есебімен тең аяқталды. Алматының Орталық стадионында өткен матчта «Қайрат» ардагерлер командасы Қазақстан құрамасының ардагерлерімен күш сынасты.

Қазақ футболының аңызы, ел футболына елеулі үлес қосқан Тимур Сегізбаев 1941 жылдың 12 мамыр күні дүние есігін ашқан. Жастайынан спортқа әуес болып, «Қайрат» футбол клубының намысын қорғады. Тимур Санжарұлының Кеңес Одағы көлемінде салған голдары көпшіліктің жадында. Әбжіл қимылдайтын шабуылшы алматылық команданы көп жылдар бойы алға сүйреді. Осыған орай ҚФФ, Кәсіпқой футбол лигасы және «Қайрат» футбол клубтарымен бірлесе отырып, ардагерлер арасында еске алу матчын ұйымдастырды. Жиында сөз сөйлеген Азамат Айтқожин 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы ел чемпионаты енді бұдан былай Тимур Сегізбаев атындағы жарысқа айналады деп мәлемдеді.

«Қазақ футболының аты аңызға айналған футболшысы Тимур Сегізбаевтің дүниеге келгеніне 80 жыл толып отыр. Қазақ баласының да допты түзу тебе алатынын дәлелдеп, «Лужники» стадионында ерлік жасағанын өздеріңіз тарихтан білесіздер. «Қайрат» командасының дәуірлеген кездері дәл осы Тимур Санжарұлының шабуыл шебінде өнер көрсеткен кезімен тұспа-тұс келеді. Сондықтан да, біз, Қазақстан футбол федерациясы 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігін Тимур Сегізбаев атындағы чемпионат деп белгілеп отырмыз. Бұл жарыс бұдан ары қарай да дәстүрлі додаға айналады деген ойдамыз», – деді Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Азамат Айтқожин.

Айта кетейік еске алу матчына Қазақстан ардагерлер құрамы мен «Қайрат» командасының ардагерлер құрамы қатысты. Командалар сапында ел футболына еңбегі сіңген тұлғалар шақырылды.

Алғаш болып есепті Берік Арғымбаев ашқанымен, артынша Қайрат Әшірбеков (Ұлттық құрама) таразы басын теңестірді.

Десе де, алматылық команда ойыншылары артынша есепте алға шықты. Алаң иелері сапынан Дмитрий Бяков көзге түсті. Құрама команданың қауіпті бір шабуылы кезінде Алмас Құлшынбаев өз қақпасына гол салып алды. «Қайраттың» ойынын жүргізген Әли Әлиев ортада ойқастады. Кейіннен Әлиев үшінші голды салды. Есеп 3:2 болып, «Қайрат» жеңіске бір табан жақындады. Бірақ, қорғаушылар айып алаңының ішінде ойын тәртібін бұзды. Бас төреші Александр Кулаков пенальти белгіледі. Оны Азамат Айтхожин сауатты орындап, 11-метрлік айып добын голға айналдырды. Қорытынды есеп – 3:3, достық жеңді.

Түпнұсқасы: kff.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер