«Көбірек медаль алуды мақсат еткенбіз»: Бас бапкер Азия біріншілігін қорытындылады

«Көбірек медаль алуды мақсат еткенбіз»: Бас бапкер Азия біріншілігін қорытындылады

Алматыда күрес түрлерінен Азия чемпионаты мәресіне жетіп, соңғы жарыс күнінде еркін күрес шеберлері өзара мықтыны анықтады. Olympic.kz сайтына сұхбат берген бас бапкер Әсет Серікбаев команданың құрлық додасындағы көрсеткіштерін қорытындылап, алдағы жоспарларымен таныстырды.

«Азия чемпионаты мен лицензиялық турнир біздің күнтізбеміздегі маңызды жарыстардың бірі. Оның үстіне, бұл спортшылардың ұзақ үзілістен кейін қатысқан екінші халықаралық бәсекесі. Өз жерімізде өткендіктен де, жауапкершілік жүгі ауыр. Турнирге дайындалу да оңай болған жоқ. Біз бірнеше рет жаттығу жиынын өткізіп, екі додаға қатысатын балуандарды жасақтадық. Жарыс қорытындысы бойынша үш алтын, екі күміс еншіледік. Бұл біздің команда үшін жақсы көрсеткіш, бірақ, бұдан да көбірек жүлде алуды жоспарлағанымыз рас. Бұл бәсекеде біз тәжірибелі балуандарға да, жас спортшыларға да мүмкіндік бердік. Жігіттердің алға басып келе жатқаны қуантады. Бәсекеге қабілетті жастар өсіп келеді. Енді спортшыларға аздаған үзіліс беріп, кейін жарысқа дайындықты қайта бастаймыз. Бізге бір лицензия жетпей тұр, сол жолдаманы 6 мамыр күні Болгариядағы әлемдік іріктеу сынында иеленсек деген мақсатымыз бар. Содан соң Олимпиадаға дайындық басталады. Демек, бұл маусым өте тартысты өткелі тұр. Осы орайда командаға қолдау көрсеткен барша жанкүйерге алғысымды айтамын. Сіздердің қолдауларыңыз бізге ауадай қажет», - дейді бас бапкер.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер 0