Live
Спорттағы коронавирус

Ақтөбеде грек-рим күресінен Қазақстан чемпионаты басталды

Ақтөбеде грек-рим күресінен Қазақстан чемпионаты басталды

Ақтөбе қаласында грек-рим күресінен ел біріншілігі басталды. Үш күнге жоспарланған чемпионатқа Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары және 14 облыстан 200-ден астам боз кілем шебері қатысып жатыр. Жекпе-жек сарайында 10 салмақ бойынша палуандар өзара мықтыны анықтайды.

Жеңімпаздар ұлттық құрамаға алынады және әлем, Азия чемпионатына қатысуға мүмкіндік алады. «Спортшылардың арасында әлемдік боз кілемде күресіп жүрген палуандар барын ескерсек, биылғы ел біріншілігі тартысты өтпек. Пандемияға байланысты санитарлық талапқа сай жарыс көрермендерсіз өтіп жатыр. Алайда чемпионатты YouTube каналынан, әлеуметтік желіде тікелей эфирде тамашалай алады.

Аталмыш дода ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына орайластырылған», - деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің жетекшісі Ерлан Мұқан. Айта кетейік, Ақтөбе облысының құрамасы үздіктерден жасақталған. Құрама сапында 60 келіге дейінгі салмақта V жазғы спартакиаданың жүлдегері Нұрболат Темірбаев, 63 келіде Кадеттер арасында Азия чемпионаттарының жеңімпаздары Әділ Сисенбаев, 77 келіге дейінгі салмақта Азия чемпионы Дәулет Жалғасов бар. Үздік үштікке енген ақтөбелік спортшылар жыл бойы жергілікті бюджеттен қомақты шәкіртақы ала алады.

Наурыз айының басында Италия астанасында Қазақстан ұлттық құрамасының қатысуымен халықаралық рейтингтік турнир өтеді. Онда 63 келіге дейінгі салмақта жергілікті грек-римдіктердің танымал көшбасшысы, еңбек сіңірген спорт шебері Мейрамбек Айнағұлов өнер көрсетеді.

 

Түпнұсқасы: inform.kzОшибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер 0