Басқа

Елордада қысқы триатлоннан қайырымдылық жарысы өтті

Елордада қысқы триатлоннан қайырымдылық жарысы өтті
news-banner7
mobile-news-top

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Нұр-Сұлтан қаласында қысқы триатлоннан ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған жеке жарыс өтті.

Ұйымдастырушы – Нұр-Сұлтан қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы.

Іс-шараны ұйымдастырудағы басты мақсат - спорт әуесқойлары мен салауатты өмір салтын ұстанушылар арасында триатлон, велоспорт, жеңіл атлетика және шаңғы спортын дамыту және танымал ету.

Аталған жарыстың барлық тіркеу жарналары «Тең мүмкіндіктер әлемі» қайырымдылық қорына «Саламатты болашақ» - «Спорт баршаға! Шексіз Спорт!» әлеуметтік жобаларын қолдауға аударылды. Бұл жоба ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды бейімделген дене шынықтыру және спорт арқылы қоғамға енуіне көмектеседі.

Шараға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері Комитеті төрағасы Серік Сәпиев қатысты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев əр жолдауында барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығына ерекше ден қойып келеді.

Бүгінгі таңда елімізде триатлон спорт түрі жақсы дамып отыр. Оның ішінде үш спорт түрін қатар алып жүрген белсенді азаматтар саны күн санап өсіп келеді. Қазіргі санаққа сүйенсек, елімізде триатлонмен айналысатын адамдар саны 100 мыңнан асты. Бүгінгі біз тұрған Триатлон паркі осы спортпен айналысуды жақсы көретін қауым үшін арнайы салынды. Өңірлерде де осындай инфрақұрылым тұрғызылуда.

Биыл тəу етер Тәуелсіздікке 30 жыл толып отыр. Осыған орай, Үкімет қаулысымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу жоспары бекітілді. Енді спорт саласындағы барлық іс-шара осы мереке аясында өтетін болады.

Сонымен қатар осы жылы көптеген маңызды іс-шара өткелі тұр. Бұл ретте күш атасы, даңқты палуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығы мен бірқатар әлемдік деңгейдегі жарыстарды айтуға болады.

Бүгінгі жарыс жолына шыққан барлық қатысушыға мықты денсаулық пен сəттілік тілеймін!»,-деді ол.

Жарыс қатысушылар арасында қысқартылған супер-спринт қашықтығында өткізілді: жүгіру – 2 км; велоэтап – 3 км; шаңғы кезеңі – 2,5 км. (барлық кезеңдер – бір шеңберде). Чемпионат әр қатысушының жеке стартымен өтті, уақыт аралығы 20 секундтан кем емес. Чемпионатқа денсаулығы бойынша қарсы көрсетілімдері жоқ, 18 және одан жоғары жас санатындағы барлық тілек білдірушілер қатысты.

Жарыс жолын белгіленген уақыттан кешіктірмей аяқтаған чемпионаттың әрбір қатысушысы мәреде естелік медаль мен ұйымдастырушылар тарапынан дипломдармен марапатталды.

Өздерінің жас санаттары бойынша 1-3 орын алған спортшылар 23-25 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласының триатлон федерациясының кеңсесінде марапатталады.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер