Хоккей

Алексей Мамонтов: Жанкүйерлердің бір бөлігін болса да трибунаға қайтара аламыз деп үміттенеміз

Алексей Мамонтов: Жанкүйерлердің бір бөлігін болса да трибунаға қайтара аламыз деп үміттенеміз
news-banner7
mobile-news-top

Қазақстан хоккей федерациясының спорт директоры Алексей Мамонтов балалар мен әйелдер арасында ел чемпионаты басталатынын, сонымен қатар жанкүйерлерді трибунаға қайтару жөніндегі жұмыс туралы айтып берді.

- Алексей Юрьевич, ProLigasy-ның тұрақты чемпионаты ақтық мәреге жақындады. Барлығын алаңдатқан сұрақ: биылғы маусымда көрермен трибунаға орала ала ма?

- Елдегі эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтануы мен жақсаруына байланысты Федерация әлеуметтік арақашықтықты сақтап, бетперде тағып, Pro Ligasy-ның плей-офф матчтарына көрермендерді кіргізу жөнінде Ведомствоаралық комиссиямен және өңірлік санитарлық-эпидемиологиялық органдармен кеңесіп, өтініш беретін болады. Осы күрделі маусым басталар алдында ҚХФ COVID-19-дың таралу қаупі сақталған жағдайда жарыстарды ұйымдастыру мен өткізу бойынша ұсынымдар әзірледі. Және барлық клубтар бұл ұсынымдарға үлкен жауапкершілікпен құлақ асты, бұл үшін басшылар мен барлық қызметкерлерге алғыс айтым келеді. Егер өтінішімізге оң жауап берілсе, онда біз жанкүйерлердің бір бөлігін болса да трибунаға қайтара аламыз деп үміттенемін. Барлығы көрермен барда мүлдем басқа атмосфера, басқа көңіл күй орнайтынын түсінеді. Алайда түбегейлі шешімді әрине тиісті органдар қабылдайды.

- Балалар мен әйелдер арасында Қазақстан чемпионаты басталатыны туралы қуанышты хабар жетті.

- Иә, 18 ақпанда Қарағандыда биылғы маусымдағы алғашқы балалар чемпионаты басталады. Биыл медальдар 2004-2009 жылғы туылған командалар арасында ойнатылады. 2010 және 2011 жылғы туылғандар үшін жарыстар наурыз бен мамыр айларының аралығында өтеді. Республиканың әйелдер арасындағы чемпионаты 7 наурыз басталады деп жоспарланып отыр. Бірінші тур оңтүстік астанада өтеді. Биылғы чемпионатта марапат үшін бес ұжым: «Айсұлу» Алматы, «Томирис» Нұр-Сұлтан, «Торпедо» Өскемен, «Барыс» Алматы облысы, «Жұлдыз» Алматы тартысады. Жақын уақытта біздің ресми сайтымызда тиісті қойындылар іске қосылып, онда пайдаланушылар аталмыш турнирлер туралы бүкіл қажетті ақпаратты ала алады. Әрине бұл чемпионаттар аясындағы барлық матчтар барлық санитарлық қағидалар мен талаптар қатаң сақтала отырып өткізіледі. Спортшылардың денсаулығын күту – біздің басты міндет.

- Биылғы маусымда Федерация Pro Ligasy жекпе-жектерінің көрсетілімдерін тікелей эфирде және жақсы сапада ұйымдастыру бойынша сүбелі жұмыс атқарды. Жанкүйерлер тағы да матчтарды телеарна эфирінен тамашалай ала ма?

- Плей-оффтың кейбір матчтары Qazsport және Setanta телеарналарынан көрсетіледі деп жоспарлап отырмыз. Қазір соңғы мәселелер шешілуде, көрсетілімдер кестесі жоспарлануда. Қазақстан чемпионатының барлық матчтарын тікелей эфирде ыңғайлы платформаларда көруге болатынын еске салғым келеді. Жалпы плей-офф аса қызықты өтеді деп күтеміз. Биылғы маусымда ширек финалдың алғашқы екі матчы және қажет болған жағдайда бесінші және жетінші матчтары тұрақты чемпионаттың қорытындысы бойынша төменірек орын алған командалардың алаңдарында өтуде. Біздің жағдайда бесіншіден сегізіншіге дейін. Біз бұл мәселені барлық клуб өкілдерімен жазда-ақ плей-офф матчтарындағы ойын көркі мен бәсекені арттыру мақсатында талқылап, бекітіп қойдық. Жартылай финалдық сериялар мен финалда өз алаңында ойнауға тұрақты чемпионаттың қорытындысы бойынша жоғарырақ орын алған командалар мүмкіндік алады.

- Сайт жұмысына қатысты жанкүйерлер арасында сұрақ көп. Ол толықтай қашан жұмыс жасайды?

- Маусымаралықта біз толықтай жаңа платформаға өтуге мәжбүр болдық. Бұл сайтқа да, бірыңғай ақпараттық деректер базасына да қатысты. Маусымның басынан бері біз ресурстарымыз бен базаны оңтайландыру бойынша үздіксіз жұмыс жасап келеміз, синхрондау бойынша жұмыс жүргізудеміз. Бүкіл жүйе іске қосылған кезде бұл клубтардың жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді, себебі барлығы автоматтандырылады. Сондай-ақ ҚХФ-ның өз сайтын әзірлеу аяқталуға шақ қалғанын айтқым келеді.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер