Еркін күрес

Қайпанов: Олимпиадаға кім барса да, қазақтың туын желбіретсе болғаны

Қайпанов: Олимпиадаға кім барса да, қазақтың туын желбіретсе болғаны
news-banner7
mobile-news-top

Еркін күрестен 74 келіде Қазақстан чемпионы атанған Нұрқожа Қайпанов Алматыдағы ел чемпионатын түйіндеп, өзінің жаңа салмақтағы жетістігіне қатысты пікір білдірді.

«Бұл чемпионат мен үшін оңай болған жоқ. Себебі, қарсыластарымның бәрі де қарымды. Оның үстіне, олимпиадалық салмақ дәрежесінде алғаш рет жеңіске жетіп отырмын. Финалда қызылордалық Қанат Мұсабековпен кездесіп, 4:0 есебімен ұттым. Қанатпен осымен төртінші рет кездестім. Физикалық және техникалық тұрғыда өте мықты, еңбекқор жігіт.

Өкінішке қарай, осы салмақтың үздігі Данияр Қайсанов жарақатына байланысты бас тартты. Қайсанов та өте жақсы балуандардың бірі. Бүгінге дейін Даниярмен жолым түйіспепті. Осы турнирдің үшінші айналымында кездесуіміз керек еді. Сәті түспеді. Даниярға тезірек айығып, қатарға орал демекпін. Жалпы, бірнеше айдан бері бозкілемге шықпай, жарысқа қатыспағанымыз әсерін тигізіп жатыр. Қиындықтарға қарамастан, осы ел чемпионатын ұйымдастырушыларға рахмет. Алдағы жоспарға келер болсам, бәрі де уақыттың еншісінде. Алдын ала кесіп ештеңе айта алмаймын.

Олимпиадаға барамын деп те байбалам салғым келмейді. Өйткені, осы салмақта жолдама алған Данияр Қайсанов жарақатымен алысып жатқанда, мұндай әңгіме айтқаным оғаштық болар еді. Токио ойындарына мен барсам да, Данияр барса да, қазақтың көк байрағын желбіретіп, жүлдемен оралсақ болды», - дейді Нұрғожа.

Нұрғожа Қайпанов 70 келіге дейінгі салмақта 2019 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Былтырғы маусымның соңынан бастап ол 74 келіде белдесуде.

Түпнұсқасы: olympic.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер