Басқа

Спорттық құзға өрмелеу: Бас бапкер мен үздіктер ел біріншілігін қорытындылады

Спорттық құзға өрмелеу: Бас бапкер мен үздіктер ел біріншілігін қорытындылады
news-banner7
mobile-news-top

Спорттық құзға өрмелеуден Қазақстан құрамасы жылдың қорытынды әрі маңызды жарысы болып есептелген ел біріншілігін өткізді. Турнирге еліміздің үздік спортшылары қатысып, біраз үзілістен кейінгі алғашқы доданы абыроймен атқарды. Осы орайда, Olympic.kz Қазақстан чемпионатын қорытындылап, ұлттық құраманың бас бапкері мен үздік атанған спортшылармен тілдесті.

"Спорттық құзға өрмелеуден ел чемпионатының өту-өтпеуі ең соңына дейін екіұдай пікірде болды. Қуанышқа қарай, ұлттық біріншілікті өз деңгейінде ұйымдастырып, көптен бері жарыс алаңына шықпаған спортшылардың басын қостық. Қатысушылар саны жүзден асқан жоқ. Ал федерация спортшылар мен бапкерлердің және төрешілердің ПТР сынағын өз мойнына алды. Турнирге қатысушылардың барлығы медициналық маскамен жүрді. Спортшылар тек жарыс кезінде ғана масканы шешкенін айта кету керек.

Сәт сайын скалодромда санитарлық жұмыстар жүргізіліп, барлық жерге антисептиктер қойылды. Спорт ғимаратына кірер кезде келушілердің дене қызуы тексерілді. Ал бұл жолы жарысты жанкүйерсіз өткіздік. Вирустың алдын алу үшін осындай қадамға барғанымызды ұмытпаған жөн", - дейді бас бапкер Сәуле Ысқақова.

Ел чемпионатында үш алтын, бір күміс медаль иеленген Тамара Олжабаева ұзақ үзілістен кейін жеңіс тұғырынан көрінгеніне қуанышын жасырмайтынын айтты.

«Өзімнің нәтижем көңілден шығады. Бірақ бұдан да мықты болсам деген ой тыным берген емес. Екі жыл бұрын ұлды болып, біраз үзіліс алғанмын. Содан бері қалыпқа келу процесі жүріп жатыр. Өйткені, өзімнің күш-жігерімді енді сезіне бастадым. Бұл жарыста маған физикалық жағынан гөрі моральдық тұрғыда қиын соқты. Өйткені, ұзақ уақыт бойы қандай да бір турнирге қатыспадым, оның үстіне карантин қосылды. Біздегі төрт бағдарламаның үшеуінде топ жарғаным жақсы көрсеткім деп ойлаймын. Карантин кезінде бар күшімді дайындыққа жұмсағанмын, енді міне, жемісін көрудемінн», - дейді Тамара.

Айта кетерлігі, Шымкенттік Тамара Олжабаева әйелдер арасында көпсайыстан жеңімпаз атанған болатын. Нұр-Сұлтандық Әсел Марленова екінші, Алматы облысының өкілі Маргарита Агамбаева үздік үштікті қорытындылады.

"Бұл турнир біздің спортшылар үшін ауадай қажет еді. Тоғыз айдан бері жарысқа қатыспаған қыз-жігіттердің де жағдай түсіну керек. Карантин кезінде үй жағдайында дайындалып, жалпы дене жаттығуымен айналыстық. Ел чемпионатынан соң әрбір спортшы мен бапкер қай жерден қате кеткенін анық байқады. Әйелдер арасында Тамара Олжабаева топ жарды. Ол біздегі төрт бағдарламаның үшеуінде жеңіске жетіп, жылдамдыққа жарысудан ғана елордалық жас спортшы Әсел Марленоваға жол берді. Тамара нағыз жауынгер. Екі жыл бұрын ұлды болған ол спорттық бабына тез оралып, ел чемпионатында жақсы нәтиже көрсетіп жүр", - деп, бас бапкер ел үздігінің нәтижесіне оң баға берді.

Бас бапкер ерлер арасындағы додаға да ерекше назар аударып, жеңімпаздарға тоқталып кетті. Ерлер арасындағы бәсекелестік жоғары. Жастар да, ересектер де жақсы жағынан көзге түсті. Әр бағдарламада әртүрлі жеңімпаздың шығуы осының дәлелі. Жылдамдыққа жарысудан 25 жастағы Әмір Маймұратов пен 18 жастағы Бекнұр Алтынбеков қуантты. Олар әлем үздіктерімен бірдей нәтиже көрсетті», - дейді бас бапкер.

Жылдамдыққа жарысудан жеңіске жеткен Бекнұр Алтынбеков ересектер арасындағы алғашқы доданы сәтті бастағанын айтты.

«Карантин кезінде үй жағдайында дайындалдым. Үйдегі жаттығудың скалодромдағыдай болмайтыны анық. Пандемия мен карантин біздің дайындығымызға кері әсерін тигізіп, тұрақты нәтижеміздің жоғалуына алып келді. Қайтадан қалыпқа келіп, спорттық бабымызға ену оңай болған жоқ. Ал жарыстардың тоқтатылуы психологиялық тұрғыдан үлкен соққы болды. 2020 жылы біз көптеген халықаралық жарыстарға қатысуды жоспарлағанбыз. Әсіресе, әлемдік деңгейдегі спортшылармен жарысып, тәжірибемді арттырамын деп үміттендім. Өкінішке қарай, әлемдегі жағдай тұрақталғанша біраз күту қажет. Биыл ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатына алғаш рет қатыстым. Шынымды айтсам, елішілік жарысты ерекше күттім. Алғашында 12 қазанда өтетінін естіп, сол сәтте нағыз бабыма ендім. Бірақ турнир уақыты қайтадан ауыстырылған соң, алдағы бір айға арналған жаттығу жоспарын қайта түзуге тура келді. Тіпті, біріншілік өтпейтін шығар деген ой келіп, келесі маусымға дайындала бастағанмын. Қуанышқа қарай, бәрі сәтімен басталды. Чемпионатта жеке рекордымды жаңартып, ересектер арасындағы алғашқы алтыныма қол жеткіздім. Нәтижеме көңілім толады», - дейді Бекнұр.

Аталған санат бойынша Бекнұр Алтынбеков (Шымкент) қарсылас шақ келтірмесе, Әмір Маймұратов (Нұр-Сұлтан) екінші, Роман Костюков (Алматы) үшінші орыннан көрінді. Ал әйелдер арасында Нұр-Сұлтандық Әсел Марленова топ жарды. Турнир фавориті саналған шымкенттік Тамара Олжабекова күміспен күптелсе, Алматылық оксана Монакова қоланы қанағат тұтты.

Елордалық Әсел Марленова жарысты қорытындылап, ел біріншілігіне дұрыс дайындала алмағанын жеткізді.

"Карантин кезінде бар уақытымды ауылда өткіздім. Сондықтан тек жалпы физикалық жаттығуларды ғана жасап жүрдім. Скалодромның жоқтығына байланысты ел чемпионатына толыққанды бабымда келгенім жоқ. Тек қазан айынан бастап скалодром қолдана бастадық. Дайындығым дұрыс болмағасын, турнирді асыға күттім дей алмаймын. Бірақ жақсы нәтиже тіркегенім үшін қуаныштымын", - дейді ол.

Өз кезегінде бас бапкер Сәуле Ысқақова Әселдің жарыстағы көрсеткішіне жылы пікір білдірді. Әсел Марленова да өте талантты спортшылардың бірі. Ол өзі тұратын Нұр-Сұлтан қаласында жаттығатын скалодромның жоқтығынан Алматыдағы кішігірім жиындарға ғана қатысты. Соның өзінде жаман көрсеткіш тіркеген жоқ.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер