русский язык

Еуропа лигасы. «Будучность» «Астанаға» қарымын көрсете ала ма?

Еуропа лигасы. «Будучность» «Астанаға» қарымын көрсете ала ма?
news-banner7
mobile-news-top

Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінен шығып қалған елорданың «Астанасы» жарыс жолын Еуропа лигасында жалғастырады. Күні кеше Швейцарияның Ньон қаласында УЕФА Еуропа Лигасының екінші іріктеу кезеңінің жеребе тарту рәсімі өтті. Жеребе тастау қорытындысы бойынша «Астана» болып черногориялық «Будучность» командасымен кездеседі.

«Будучность» – Черногория астанасы Подгорицада орныққан команда. Тарихи сонау 1925 жылы бастау алған. Қазіргі уақытта астана атауымен бірдей «Под Горицом» стадионында ойнайды.

Ғасырға жуық тарихи бар «Будучность» Черногориядағы жүлдесі көп команда саналады. Черногория бірінші лигасында төрт мәрте топ жарған. Ал 6 мәрте вице-чемпион атанған. Халықаралық деңгейде аса бір ауыз толтырып айтатын жетістікке жете қоймады. 1991 жылы Балқан кубогының финалына дейін жетіп, күміс жүлдені алған. Ал 2005 жылы Интертото кубогында сол уақытта дүркіреп тұрған Испанияның «Депортиво Ла-Корунья» командасын 2:1 есебімен жеңіп, жанкүйерлеріне қуаныш сыйлады.

«Будучность» командасында Черногорияның бетұстар ойыншылары көп ойнаған. Әлемдік деңгейде Бранко Брнович, Деян Савичевич, Предраг Миятович және Симон Вукчевичтің есімдері танымал.

Еурододағы жолын 2007/08 жылғы маусымда бастаған. Содан бері араға уақыт салмай тұрақты еурододаның іріктеуіне қатысып жүр. Алайда он жылдан астам уақыт тәжірибесі болса да топтық кезеңге өте алмай келеді. Тек 2010 жылы Еуропа лигасының үшінші іріктеу кезеңіне дейін жеткен. Ал жалпы алғанда екінші айналымнан ары аса алмай келеді.

Transfermarkt.de порталының хабарлауынша, «Астана» командасындағы ойыншылардың трансфердегі құны Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңінде кездесетін черногориялық «Будучносттан» айтарлықтай асып түседі.

Қазақстандық командадағы футболшылардың жалпы құны 21,68 миллион еуроны құрайды. Ең қымбат ойыншы - жартылай қорғаушы Марин Томасов (2,8 миллион еуро). «Будучность» ойыншыларының жалпы құны небәрі 3,48 миллион еуроны құрайды. Ең кұнды ойыншысы Петар Грбич 300 мың еуроға бағаланып отыр.

«Астана» Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңінен іркілмей өтуі қажет. «Будучность» қазақстандық командаға қарағанда еуродода тәжірибесі де аз, құрамы жағынан деңгейі де төмен. Бұған әлемдік рейтинг дәлел. Черногориялық команда УЕФА рейтингінде 254 орында тұрса, «Астана» 54 сатыға дейін көтерілген.

Турнирдің екінші кезеңінде жеңімпаздар бір ойын нәтижесімен анықталады. Кездесулер жанкүйерлерсіз өтеді. Барлық ойындар 17 қыркүйекте жоспарланған. Ережеге сәйкес егер ойынның негізгі уақытында жеңімпаз анықталмаса, қосымша таймдар және пенальти сериясын өткізу қарастырылған.

Түпнұсқасы: Prosports.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;