Әлем футболы

«Бавария» - ПСЖ: финалдан кейінгі 10 дерек

«Бавария» - ПСЖ: финалдан кейінгі 10 дерек
news-banner7
mobile-news-top

Чемпиондар лигасының ең ұзаққа созылған маусымы мәресіне жетті. Мюнхендік «Бавария» Кәрі құрлықтың басты додасында топ жарды. Үздік сұрмерген - Роберт Левандовски. Prosports.kz тілшісі финалдық матч туралы қызық 10 дерек ұсынады.

* «Бавария» кеше Чемпиондар лигасының финалында 11-рет ойнаған. Бұл көрсеткіш бойынша мюнхендік клуб финалға 16 рет шыққан «Реал Мадридтен» кейін екінші орында тұр. «Бавария» бұл 11 финалдың алтауында жеңген.

* ПСЖ - Чемпиондар лигасының финалына шыққан франциялық бесінші команда. Бірақ Франция басты еурододағы жеңісті көптен бері күтіп келеді. Тек «Марсель» ғана 1993 жылы Чемпиондар лигасында топ жарған. Сол кезде франциялық клуб «Миланды» 1:0 есебімен жеңген еді.

* «Бавария» Чемпиондар лигасындағы 500-голын соқты. Қызығы, бұл голды германиялық клуб финалда салған. Яғни, команданың еурододадағы 500-голы Чемпиондар лигасының кубогын сыйлады. Бұл көрсеткіш бойынша «Баварияның» алдында тек «Барселона» (517 гол) мен «Реал» (567 гол) тұр.

* Чемпиондар лигасы тарихында үш қана қақпашы капитан ретінде кубок көтере алған. Үшіншісі түнде Мануэль Нойер болды. Бұған дейін Петер Шмейхель мен Икер Касильяс осындай атаққа ие болған.

* «Бавария» Чемпиондар лигасының тарихында бір маусымдағы барлық матчта жеңіске жеткен алғашқы клуб атанды. Мюнхендік клуб топтық кезеңнен бері 11 матч өткізіп, бәрін жеңіспен аяқтаған.

* Биылғы Чемпиондар лигасында жолы болмаған ойыншылардың бірі - Килиан Мбаппе. ПСЖ футболшысының қақпаға бағыттаған соңғы 13 соққысы гол болмаған. Биылғы маусымда сәтсіз соққылар бойынша Мбаппе көш бастап тұр.

* Тағы бір қызық дерек. Соңғы жеті жыл бойы Чемпиондар лигасын сапында хорват футболшысы бар команда жеңіп келеді. Кеше мюнхендіктер сапында Иван Перишич ойнаған. Бұған дейінгі алты маусымда Лука Модрич, Иван Ракитич, Матео Ковачич пен Деян Ловрен басты еурокубокта топ жарған.

* Кингсли Коман - Чемпиондар лигасының финалында гол соққан тоғызыншы футболшы. Команға дейін Мишель Леблон, Джин Темплин, Фернандо Идальго, Мишель Платини, Базиль Боли, Марсель Десайи, Зинедин Зидан мен Карим Бензема финалда көзге түскен.

* ПСЖ төрт жыл бойына жалғасқан сериясын тоқтатты. Франциялық клуб 2016 жылдың сәуірінен бері Чемпиондар лигасындағы әр матчта гол соқпай кетпеген еді. Төрт жыл бұрын ПСЖ «Манчесер Сити» қақпасына гол соға алмаған. Содан бері франциялықтар 34 матч бойы гол соққан. Бұл серия финалда үзілді.

* ПСЖ - Чемпиондар лигасының финалында ойнаған 41-команда. Бірақ париждіктер еурокубоктағы сәтсіз үрдісті жалғасты. Финалға алғаш шыққан жылы Чемпиондар лигасында топ жарған соңғы клуб «Боруссия» болды. 1997 жылы германиялық команда еурододаның финалына алғаш шығып, сол матчта жеңіске жеткен. Содан бері 7 команда финалға алғаш шығып, жеңіліп қалды.

«Бавария» - Чемпиондар лигасының жеңімпазы

Роберт Левандовски ерекше рекорд орнатты

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер