Грек-рим күресі

Майра Кебіспаева: Алмат кілемге шыққанда, жанымды шүберекке түйіп отырамын

Майра Кебіспаева: Алмат кілемге шыққанда, жанымды шүберекке түйіп отырамын
news-banner7
mobile-news-top

«Баласы атқа мінсе, анасы үйде отырып тақымын қысады». Қазақтың осы мақалы баласын спортқа баулып, олардың әр жарыстағы аяқ алысына бір алаң, бір үмітпен қарайтын барлық анаға арналғандай. Әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарында атой салып, елдік сынға түскенде намысты қолдан бермеген қыз-жігіттердің ең үлкен тілекшісі де, ең үлкен жанкүйері де – Анасы. Олар - чемпион тәрбиелеген жандар, олар – дүниеге батыр әкелген аяулылар. Olympic.kz еліміздегі ең үздік спортшылардың анасын халыққа таныстыруды бастайды. Алғашқы кейіпкеріміз – грек-рим күресінен Қазақстан командасының капитаны, төрт бірдей әлем чемпионатының жүлдегері Алмат Кебіспаевтың анасы Майра Кебіспаева.

«Алғаш рет фортепианодан концерт берді»

- Алматтың бала күні спорттан бұрын, өнермен тығыз байланысты болды. Кішкентайынан ән салды, музыка мектебінің озат оқушысына айналды. Біздің Үржар ауданында әлі күнге дейін өткізілетін «Жауқазын» атты ән байқауы бар. Алматтың ән әлеміндегі жетістігі осыдан басталған. Тіпті, Молдова, Ресей елдеріндегі халықаралық ән сайыстарына қатысты. Осы талабына қарап, Алматтан елге танымал әнші шығар деп бағамдадық. Кейін фортепиано класына да қатысып, осы музыкалық аспаптан өзінің алғашқы концертін де берген болатын. Өзім аудандағы мәдениет саласында қызмет еткендіктен, ұлымның өнерге жақындығы таңсық нәрсе емес. Әнге қабілеті жақсы болғандықтан, бір жылда екі класты тәмәмдап жүрді. Бірақ Алматтың тағдырына әннен гөрі, күрес жақын екен. Музыка мектебіне қарама-қарсы спорт мектебі орналасқан еді. Кейін аңсары күреске ауа бастады. Терезеден үнемі қарсы жаққа қарап, жаттығудан шыққан балаларды қарап отырады екен. Күреске ауысып кеткенін мен кештеу білдім. Әкесіне айтыпты. «Болам деген баланың, бетін қақпа, белін бу» дейді қазақ. Батамызды беріп, бетінен қақпадық.

«Ұлымның үйден ерте кеткені оңай болған жоқ»

- Біздің ауданымыздан қазаққа танымал балуандар көп шыққан. Кейін даңқты балуан Дәулет Тұрлыхановпен ауылымызда кездесу өтіп, сол Алматқа жігер берсе керек. Жақсылық аға Үшкемпіровтің үлкен спорттағы ғұмырда ұлыма үлгі болды. Абыройлы ағаларының жолын қуып, Алматым балуандық жолға түсті. 8 сынып оқып жүргенде Астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спортта дарынды балаларға арналған мектеп интернатқа оқуға түсті. Шынымды айтсам, ұлымның үйден жырақтап, алысқа кеткені ана ретінде маған ауыр тиді. Көңілімде алаң пайда болып, жүрегім езіле жаздаса да, білдірмеуге тырыстым. Сол мектепте біздің аймақтан біраз таныс балалардың бары көңіліме медеу болды. Әр тоқсан сайын каникулға келіп кететін. Ол күреске жүрегімен берілгені сонша, бала болып үйді сағынып, қайта-қайта ауыл жаққа қарайлау деген болмады. Бір рет сырқаттанып, ауруханаға түскені есімде. Дереу Астанаға бет алып, ұлымның қасында болдым. «Бұлай жарамайды, көз алдымда жүр. Ауылға қайт менімен» деп біраз қолқаладым. Көнбеді. «Бастаған ісімді соңына апарамын. Жарты жолда қайтпаймын», - деді. Ана жүрегім қанша алаңдаса да, ұлымның талабына сеніп, болашағына сеніп, қайтадан ауылға қайттым.

«Алматтың жарысқа кеткені де, келгені де той»

- Жоғарыда айтқандай, өзім мәдениет үйін басқардым. Үйімізден қонақ арылған емес. Бала кезінде Алматпен бірге үлкен ұлым Сымбат та күреске қатысатын. Екеуі жарысқа кететін болса, барлық тума-туыс пен дос-жаран, әріптестер біздің үйді бетке алады. Олардың жолашарын жасап, жарыстан жүлдемен оралуып тілеп бір шәугім шай ішеміз. Ұлдарым жарыстан оралғанда тағы да кішігірім той жасап, бас қосамыз. Осылайша, Алматқа бүкіл ауыл тілекші болатын. Әлі есімде, бірде ұлдарым көрші ауылға жарысқа кетті. Олар келерге қарсы әріптестерім тағы да біздің үйді бетке алып, салтанатпен күтіп алуға кірістік. Сөйтсек, сол жолы олар жеңіліп қалған екен. Үйде қонақ барын біліп, медальсіз кіруге ұялып, не істерлерін білмей тұр. Содан әкесі екеуін де үйге алып кірді. Қонақтар оларды қуанышпен қарсы алып, спортта жеңістің де, жеңілістің де болатынын айтып әлек. Сол сәт есімізге түссе, әлі күнге дейін бір күліп аламыз. Ұлым үлкен жарыстарда жеңіске жетсе, бүкіл ауыл күтеді. Ата-ана үшін бұдан асқан мерей жоқ. Алматтың арқасында мен балуанның ғана емес, бүкіл елдің анасы болдым. Әлем, Азия чемпионаттарынан жүлдемен оралғанда, елдегі үлкен-кіші ауыл шетінен қарсы алатын. Ұлымды қолдан-қолға түсірмей, төбесіне көтергенде, біздің де төбеміз көкке бір елі жетпейді. Алмат елдің баласына айналғанынан шығар, ол ауылға келгенде бүкіл халық қарсы алады. Ал әкесі екеуміз шетте бақылап қана тұрамыз. Алмат бала күнінде бұзықтау ұл еді. Әжесінің тәрбиесін көргесін, аздаған еркелігі де болды. Бірақ өсе келе, сабырлы қалпынан айныған жоқ. Ұлым жеңісті де, жеңілісті де, өмірдегі түрлі қиындықты да сабырмен қарсы алады».

«Ұлымның күрескенін бастан-аяқ көрген емеспін»

- Күні кешеге дейін Алматтың кілемдегі белдесулерін көрген емеспін. Оны барлық жарысқа әкесі алып баратын. Әлем чемпионаттарына да, Олимпиадаға да әкесі еріп барды. Әкесі – Алматтың күрестегі ең басты сыншысы, ең үлкен жанкүйері. Ал менің ана жүрегім кілемдегі шайқасты көруге жарамайды. Бірақ Алматтан бір хабар келгенше үйде дамыл таппай, көңілім алып-ұшып, жарақатттан аман болса екен деп тілеп отырамын. Туысқандар телефон шалып, ұлымның жеңісі туралы хабар келгенде жүрегім жарыла қуанып, дастарханымды жая бастаймын. Кілемде жан алысып, жан берісіп жатқан ұлымды көруге жүрегім шыдамайды. Бірақ былтыр елімізде өткен әлем чемпионатына қалайда барамын деп мақсат қойдым. Өз жеріміздегі сында ұлымның ел абыройын асқататар сәтін көргім келді. Туысқандардың көпшілігі менің бұл қадамымды қолдай қойған жоқ. «Қан қысымың көтеріледі, қантыңның көлемі артып кетеді» деп, райымнан қайтармақ болды. «Шешінген судан тайынбас» деп, елордамызды бетке алдық. Жарыс басталағандағы жай-күйімді көрсеңіз ғой... Қалың жанкүйердің арасынан орын алып, Алматтың күрескенін көру маған мүлде оңай болмады. Әсіресе, жапон балуанынан ұтылғанда көзімнен еріксіз жас парлап, алдымдағы орындықты ұра беріппін. Кейін қасымда отырған келінім қыздарын ертіп, жаттығу залындағы Алматты көріп келеміз деп кетті. Сәлден соң оның белдесуден кейін кілемде шаршап жатқан суретін жіберіпті. Ұлымның жеңілістен кейінгі түрін көріп, жүрегім одан сайын езілді. Дегенмен, келесі күні Алмат қола медаль жеңіп алғанда менен асқан бақытты жан болған жоқ. Төреші ұлымның қолын көтергенде сөмкемнен шашу алып, барша жанкүйерге шаша бердім, шаша бердім. Балуанның анасы болу оңай емес, шырағым. Оған үлкен жүрек керек. Ол кілемге шыққанда жанымды шүберекке түйіп отырамын.

«Жарақаттан аман болса екен»

- Әрине, баламның жеңіспен қуантқаны жақсы. Алайда, ана ретінде мен оның тек амандығын тілеймін. Жарақат алып қалмай, аман-есен үйге оралуын күтіп жүремін. Негізі, Алмат әкесімен бірге көп нәрсені маған айта қоймайды. Мәселен, 2014 жылғы Азия ойындарында ұлымның жағы тұтастай сынып, оған ота жасалған. Бірақ менің мұны жүрегіме ауыр қабылдайтынымды біліп, кішігірім жарақат деп қана айтты маған. Ауылдағы маған білдірмей, Астанада ота жасапты. Осы кезде қасында болған келінім Айжанға, құдағиыма алғысым шексіз. Ұлымның ауыр жарақаттан арылуына себепкер болды. Үлкен спорт үлкен тәуекелді қажет етеді. Спортқа денсаулығын берген жандар қаншама? Осының бәрін ойласам, ұлымның амандығына ештеңе жетпейтініне тағы да көзім жетеді. Балуандық жолды таңдап, ел намысын мойнына алған соң, маңдайы жарқырап жүргенін қалайсың. Ал шын мәнінде амандыққа, денсаулыққа жететін ешнәрсе жоқ. Балаларын спортқа берген барлық анаға айтарым осы. Чемпионды тәрбиелеу үшін үлкен күш керек. Бірде жеңіс, бірде жеңілістен тұратын үлкен спортта тек мықтылар ғана қалады. Сіздердің де ұл-қыздарыңыз тек мықтылар қатарынан болсын.

Жазып алған: Ақырыс Сейтқазы

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер