Грек-рим күресі

Қайыртай Оразалинов: Жақсылық Әмірәліұлына «Халық қаһарманы» атағын беруіміз керек

Қайыртай Оразалинов: Жақсылық Әмірәліұлына «Халық қаһарманы» атағын беруіміз керек
news-banner7
mobile-news-top

Қазақта «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген сөз бар. Классикалық күрестен КСРО спорт шебері, Халықаралық дәрежедегі төреші, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қайыртай Оразалинов 1973 жылдан бері Жақсылық Үшкемпіровтың қасынан табылатын сенімді серігі әрі досы болған соң бірауыз сұхбат алғанды жөн көрдік.

- Қайыртай Малғаждарұлы, Жақсылық ағамен қай кезден таныс болдыңыздар?

- Жақаңмен 1973 жылы Семейдің мал дәрігерлік институты қабырғасында таныстық. Аталған оқу орны Зооветинститут атауымен танымал еді. Бір қызығы, жоғарғы оқу орны физкультура институттарынан артық болатын. Себебі классикалық күрес зор қарқынмен дамыды. Тіпті КСРО құрамасы да жаттығатын. Жақсылықты бірінші курс оқып жүргенде алғаш рет көрдім. Екеумізді Ром Хасанұлы Ильматов жаттықтырды.

- Жақсылық Әмірәліұлының алғашқы халықаралық жүлдесін қашан алғаны есіңізде бар ма?

- Қателеспесем, 1973 жылы Эстония астанасында КСРО чемпионаты өтті. Таллинде Жақсылықтың бағы жанды десем, артық айтқаным емес. Қола жүлдені қанжығасына салды. Өте сапалы күресті. Сол кезден бастап мен Жақаңды жақсы білемін. Екеуміз талай турнирге бірге дайындалдық, Кеңес одағы құрамасымен бірге жаттықтық. Оқу-жаттығу жиындарында спарринг-әріптес болып, халықаралық жарыстар мен КСРО халықтарының спартакиадасына бірге қатысып жүрдік. 1975 жылы Алматыда өткен Одақ халықтарының спартакиадасында 48 келі салмақ дәрежесінде алтын медаль алды. Сол кезде мен оның қасында көмектескен едім. Одан кейін Мәскеу Олимпиадасында чемпион атанды. Араға бір жыл салып, Норвегия астанасы Ослода тағы топ жарды. Осының бәріне куә болдым.

- Ірі додалар алдында Семейге барып жаттығатын дегенді талай адамнан естідік…

- Өте дұрыс ақпарат. Зооветтің жігіттері Жақсылықтың жақсы жетістікке жетуіне көп көмек тигізді. Спаррингке шығатын балуандардың қарасы да көп болды Семейде. Соның бірі – менмін. Сол үшін де оның 70 жас мерейтойын Семейде жасаймыз деп келіскенбіз. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов та Жақсылыққа сол идеяны айтқанда, ол келіскен еді.

- Ол кісінің арманы Олимп шыңына шығу еді, онысы орындалды. Тағы қандай арманы бар еді?

- Өзінен кейін тағы бір Олимпиада чемпионы шыққанын аңсады, соны көріп кетсем дейтін. Ең үлкен арманы сол еді. Амал қанша, арамыздан кете барды. Бұл өмірге қонақпыз ғой, соған осындайда көзің жетеді екен.

- Қайыртай Малғаждарұлы, Жақсылық Әмірәліұлының орасан зор жетістігі үшін «Халық қаһарманы» атағын беру керек деп ойлаймын. Бұл жөнінде сіз не айтар едіңіз?

- Қазақта екі атақты балуан бар. Олар – Жақсылық пен Дәулет. Екеуіне де «Халық қаһарманы» атағын беруіміз керек.

- Жерлеу рәсіміне бардыңыз ба?

- Бара алмадым. Қазіргі жағдайға байланысты жерлеу рәсімі өз деңгейінде өткізілмеді. Ол түсінікті де. Артында қалған туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз. Жақсылықтай жақсы адамның, атақты балуанның, қайырымды қазақтың қазасы қабырғамызды қайыстырып кетті.

Сұхбаттасқан Мадияр Қазыбек

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер