Гурман: «Біз «Аренаға» оралатын күнді асыға күтудеміз»

Гурман: «Біз «Аренаға» оралатын күнді асыға күтудеміз»
news-banner7
mobile-news-top

«Астана» футбол клубының қазіргі уақыттағы ең басты қиындықтарының бірі, «Астана Арена» стадионындағы жөндеу жұмыстарының ұзаққа созылуы. Осы жағдай туралы «Астана» бас директоры Михаил Гурман клубтың баспасөз қызметіне арнайы сұхбат берді:

- Өкінішке қарай, біз «Астана Арена» стадионына қатысты қиын жағдайға тап болдық. Бізге жөндеу жұмыстары мамыр айында аяқталады деп уәде берген. Алайда, короновирустың жылдам таралуына, шекаралардың жабылуына және жөндеу жұмыстарының уақытша тоқтатылуына байланысты бұл мерзім біршама уақытқа шегерілді. Дегенмен, жағдай жақын уақытта өзгеріп, өз үйімізге айналған «Аренамызға» қайта оралатын кезді асыға күтудеміз.

- Стадионның пайдалануға берілетін қандай да бір мерзімі аталды ма?

- Жақында ғана, «Астана Аренаға» қала әкімінің орынбасары бастаған комиссия мүшелері арнайы келген еді. Сол кезде жұмыстың аяқталатын мерзімі ретінде 15 шілде күні айтылған. Өкінішке қарай, біз бұл үдеріске әсер ете алмаймыз, өйткені «Арена» жеке меншік иелері мен әкімдіктің балансында тұр. Біз тек стадионның негізгі жалға алушылары болып табыламыз.

- Көптеген шетелдік БАҚ өкілдері «Астана Аренаның» осыған дейінгі алаң сапасының өте төмен жағдайда болуы, елорда командасына үйдегі кездесулерде басымдық берді деп жиі жазған болатын...

- Мен бұл пікірмен келіспеймін. Негізінен, олай айтқандардың көбісі «Астана Аренадан» ұпайсыз қайтқан ұжымдар. Мысалға, өткен жылы Еуропа Лигасы аясында «Манчестер Юнайтедке» қарсы ойнаған кездесуде олар стадионға және алаң сапасына жақсы баға берді. Сондай-ақ, өткен жылы Қазақстан құрамасымен ойнаған Ресей құрамасы да стадионға наразылық білдірмеді. Мен үшін есте қалған сәт, мен ол кезде «Астанада» қызмет атқармасам да, команданың Чемпиондар Лигасындағы ойындарын бақыладым. Сол кезде «Атлетико Мадрид» бас бапкерінің айтқан сөзі қатты ұнаған еді: кәсіби футболшы өз деңгейін қажет болса асфальтқа шығып та дәлелдеуі керек деген болатын. Мен оның айтқанын сөзбе сөз жеткізе алмаған болуым мүмкін, алайда мағынасы өте дұрыс.

- «Астана» өз алаңында көп ұтыла бермейді. Тіпті, еуропалық ойындарда. Мұның құпиясы неде?

- Менің ойымша, бұл жерде екі жетістік бар - туған қаласы мен үй стадионы жағдайында жоғары деңгейдегі футбол көрсете алатын ойыншылардың деңгейі және еурокубоктер кезінде тамаша атмосфера жасай білетін жанкүйерлердің қолдауы.

- Жанкүйерлер туралы айтып қалдыңыз. «Астана» орын алған пандемияға байлынысты, алдағы еуромаусымда аталмыш қаруынан айырылып қалуы мүмкін. Бұл клуб үшін қаншалықты қиын жағдай болмақ?

- Әрине, егер команда қолдаусыз қалатындай жағдай болса, өте өкінішті. Алайда, қазір барлығымыз үшін адамдардың денсаулығы бірінші орында. Біз жанкүйерлерімізді қатты сағындық. Дегенмен, ерте ме, кеш пе жағдай қалыпқа түсіп, жанкүйерлер стадиондарға қайта оралады деп үміттенемін.

- Енді соңғы сұрақ. Егер Қазақстан чемпионаты шілде айында қайта жалғасын табатын болса, ол уақытқа дейін «Астана Арена» дайын болмаса, «Астана» өзінің үйдегі кездесулерін қайда өткізеді?

- Біз бірнеше нұсқаны қарастырып жатырмыз, бұл жақын маңдағы Көкшетау және бізге жақсы таныс «Жас Қыран» стадионы. Бірақ, басым нұсқа - Талғардағы құрама командалардың базасы. Біріншіден, онда өте жақсы сападағы табиғи алаң бар, бұл командаға өздері ойнай алатын футболды көрсетуге мүмкіндік береді. Екіншіден, базаның орналасуы команданың сыртқы әлеммен байланысын азайтады. Қазіргі індеттің таралу жылдамдығын ескеретін болсақ, ол ең маңызды факторлардың бірі. Алайда, соңғы шешім әлі қабылданған жоқ. Алдағы күндері біз нақты жариялаймыз деп ойлаймын. Қазір ең бастысы чемпионатты жалғастыру, елімізге футбол шілде айында қайта оралады деп үміттенемін.

Түпнұсқасы: fcastana.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер