Грек-рим күресі

Кебіспаев: Сақтық шараларын қатаң сақтап отырмыз

Кебіспаев: Сақтық шараларын қатаң сақтап отырмыз
news-banner7
mobile-news-top

Грек-рим күресінен әлем чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері, Олимпиада ойындарының қатысушысы Алмат Кебіспаев Олимпиададағы атмосфераның қандай болатынын айтып берді, деп хабарлайды Prosports.kz.

«Қазіргі кезде грек-рим құрама командасы Алматы облысында орналасқан «Ақбұлақ» олимпиадалық жаттығу орталығында оқу-жаттығу жиынында жүр. Барлық санитарлық талапты қатаң сақтай отыра, жаттығу жасап жатырмыз. Көп адам бірге жиналуға рұқсат етілмегендіктен, алғашында асханаға да түспей, асты бөлмемізде ішіп отырдық. Барлығын бөлмемізге жеткізіп береді. Осы сәтті пайдалана отырып, барлық спортшыларды Олимпиада күнімен шын жүректен құттықтаймын. Олимпиада тек қана жарыс емес, ол - төрт жылда бір рет өтетін үлкен тарихи шара, спортшылар мерекесі. Олимпиада қалашығы – Олимпиада кезіндегі спортшылар үйі. Ондағы атмосфера да ерекше. Қазақстан құрама командасы бір тұрғын кешенінде орналастырылып, бір ту астына жиналамыз. Бір шаңырақ астында болғандықтан бір-бірімізбен достасып, арқа-жарқа боламыз. Тек қана жарыста емес, жарыстан тыс уақытта да бір-бірімізді қолдауға тырысамыз. Жеңіске жетсе мерекені өз дәрежесінде атап өтіп, спортшыларымыз жеңіліске ұшыраса, демеу береміз. Олимпиадаға көбісі қыдыруға барады деп ойлайды. Ол қате түсінік. Олимпиадада жылдар бойы жинаған еңбектің өтелуі сыналады. Олимпиадаға он күн қалғанда жаттығу азайтылады. Ол жаттығу толығымен тоқтатылады дегенді білдірмейді. Себебі, спортшылар Олимпиадада өз кезегін күтіп те шаршауы мүмкін. Күтіп, шаршап, қажығаннан гөрі спортшылармен арқа-жарқа болып араласып, жаңа достар табуға тырысамыз. Кез келген жетістікке жету үшін алдыңнан қиындықтар кездеседі. Оған табандылық, шыдамдылық керек. Спортта үлкен дәрежеге қол жеткізу үшін көп нәрседен бас тартуға, тәуекелге бел бууға тура келеді. Адам өзін сүю керек, өзінің еңбегін бағалап, кез келген істі соңына дейін жеткізу керек. Үлкен спортта жеңу үшін өз ісіңді сүюің керек», - дейді Алмат Кебіспаев.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер